Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІР ФИЛЬМ, МЫҢ ОЙ

БІР ФИЛЬМ, МЫҢ ОЙ

Кейде кинотеатрдан шыққан соң көрген туындыңның әсері бірер сағатта басылып жатады. Ал кейбір фильмдер көрерменді ұзақ уақыт бойы өзімен бірге ойландырып, өткенге үңілдіріп, бүгінгі қоғамға басқа көзбен қарауға мәжбүрлейді. Режиссер Мұрат Есжанның «Қара алтын» картинасы дәл осы соңғы санатқа жататын, терең философиялық жүгі бар туынды.
Туындының әсері бір сәтте тарқамады. Керісінше, фильм көтерген мәселелер уақыт өткен сайын санамда жаңғырып, бір ой екінші ойға ұласа берді. Өйткені бұл туынды мұнай өндірісінің тарихын баяндаумен шектелмейді. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ел тағдырын, жаңа қоғамның қалыптасу жолындағы қайшылықтарды және өзгермелі заманда адамның өз болмысын сақтап қалу мәселесін қозғайды.
Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдары. Елдің экономикасы тұралап, бұрынғы жүйе ыдырап, жаңасының ережелері әлі орнықпаған уақыт. Кеше ғана қалыпты көрінген өмір салты өзгеріп, ертеңгі күннің қандай боларын ешкім нақты білмейді. Осындай аласапыран кезеңде бір адамның тәуекелге барып, өзіне мүлде бейтаныс мұнай саласына бет бұруы қаншалықты қисынды? Мемлекет есептен шығарып тастаған кен орындарынан мұнай өндіруге болатынына кім сенеді? Қаржысыз, ықпалды таныссыз, қалыптасқан жүйенің қолдауынсыз үлкен мақсатқа жетуге мүмкіндік бар ма? Ең бастысы, айналаның бәрі жеке бастың пайдасын күйттеген кезде адам өз ұстанымына адал қала ала ма?
Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмі осы сұрақтарды көтере отырып, мұнай өндірісінің тарихын ғана емес, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ қоғамының рухани және адамгершілік ахуалын да экранға шығарады. Сырттай қарағанда, мұнай бизнесін жолға қоюға талпынған кәсіпкер туралы фильм. Ал тереңірек үңілсек, бұл – жауапкершілік, ұлттық сана, азаматтық парыз, тәуекел және адамдық қасиеттің құны туралы шығарма. Фильмнің негізгі жетістігі де осында. Ол қара алтынды жер қойнауынан іздей отырып, адам бойындағы асыл қасиеттерді де іздейді.
Сценарийін Мұрат Есжан жазған, продюсері Айсәуле Әбілда болған фильмнің оқиғасы 1950 жылдардағы балалық шақтан бастап 2000 жылдарға дейінгі кезеңді қамтиды. Қазақ даласындағы бұрғылау алаңынан Лондонға дейін жалғасатын оқиға тарихи әрі географиялық ауқымымен ерекшеленеді. Қасым Исағалиевтің рөлін Қуандық Қыстықбай сомдаған. Фильм оқиғасы 1992 жылы ел экономикалық дағдарысты бастан кешіп, бұрынғы жүйе ыдырап, жаңа тәртіп енді қалыптаса бастаған кезеңде өрбиді. Осындай алмағайып уақытта шағын құрылыс кооперативінің басшысы Қасым Исағалиев өзіне бейтаныс мұнай саласына бет бұрады. Геолог серіктесінің ұсынысымен мемлекет есептен шығарып тастаған екі кен орнын игеруге бел буады. Бір қарағанда, тәуекелі шамадан тыс шешім. Қалыптасқан кәсібі бар адамның мұнай саласына ауысуы үшін қаражат та, білікті мамандар да, сенімді инвестор да қажет. Оның үстіне, мұнай өндіруге лицензия алу жолында бюрократиялық кедергілер мен ықпалды адамдардың қарсылығы кездеседі. Дегенмен Қасым өзгелер көрмеген мүмкіндікті көруге тырысады. Оның мақсаты жеке табыспен ғана шектелмейді. Жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне жаратуға деген сенім әрекетіне қозғау салады. Фильмдегі «Тәуекелсіз бизнес – бизнес емес» деген сөз кейіпкердің мінезін дәл танытады.
Қасымның күресі арқылы фильм кәсіпкерліктің оңай жол емес екенін көрсетеді. Үлкен мақсатты жүзеге асыру үшін білім, еңбек, табандылық және жауапкершілік қажет. Бұл ой бүгінгі жас кәсіпкерлерге де, өз өмірінде өзгеріс жасағысы келетін кез келген адамға да маңызды.
Қасымның жолындағы басты қиындықтардың бірі – бюрократия. Мұнай өндіруге лицензия алу үшін түрлі мекемеге жүгінуі, шешімдердің созылуы және жауапкершіліктен жалтару көріністері сол кезеңдегі қоғамдық қайшылықтарды аңғартады. Мұнда мәселе бір кәсіпкердің құжат рәсімдей алмауында ғана емес. Елге жаңа өндіріс орындары, инвестиция мен жұмыс қажет болғанымен, сол бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жүйенің өзі кейде кедергіге айналады. Фильм осы арқылы қоғамның дамуына табиғи ресурстың молдығы ғана емес, бастамашыл азаматтарға жағдай жасайтын орта да қажет екенін көрсетеді.
Қасымның ағылшын инвесторымен келіссөз жүргізуге ұмтылуы оқиғаның ауқымын кеңейтеді. Ол өз идеясын жүзеге асыру үшін жобасының өміршеңдігін дәлелдеуге мәжбүр. Ал Марат Әміраев сомдаған Құмар бейнесі жеке мүддесін жоғары қойып, өзгенің жетістігіне кедергі келтіруге дайын ортаның сипатын танытады. Осы қарама-қарсылық фильмнің моральдық қақтығысын күшейтеді. Бірі еңбегімен жол ашуға тырысса, екіншісі ықпалын өз пайдасына пайдалануға ұмтылады. Қасымның табандылығы да осындай сынақтар үстінде ашылады.
Фильмдегі Ұларбек бейнесі де назар аударуға тұрарлық. Қытайдан оралған бұл кейіпкер бірнеше тіл білгенімен, орыс тілін меңгермегендіктен, сол кезеңдегі қоғамда біраз қиындыққа тап болады. Осы тұста тіл мәселесі туралы ойланасың. Тіл білу адамның мүмкіндігін кеңейтетіні рас. Жаңа ортаға бейімделуге, адамдармен араласуға, білім мен тәжірибені бөлісуге көмектеседі. Бірақ адамды тек қай тілде сөйлейтініне қарап бағалау дұрыс па?
Ұларбектің бойында білім де, қабілет те бар. Алайда қоғамға бейімделу барысында оның басқа қырлары әрдайым бірден бағалана бермейді.
Тағы бір ерекше көркемдік шешімдердің бірі – бала күнімізден таныс «Мақта қыз» ертегісімен сабақтасатын тұстар. Бір мекеме екіншісіне сілтеп, жауапкершіліктен жалтаратын көріністер арқылы автор заман өзгерсе де, адамның кейбір бюрократиялық әдеттері өзгермейтінін астарлы түрде жеткізеді. «Мақта қыз» ертегісіне жасалған ишараның құндылығы да осында. Ұлттық фольклор тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі қоғамның мінезін түсіндіруге көмектесетін рухани құралға айналады. Авторлар көпшілікке таныс ертегінің астарына қазіргі өмірдің мәселесін сыйдырып, көрерменнің өзін де ой елегінен өткізуіне мүмкіндік береді.
«Қара алтынның» идеялық тереңдігін айқындайтын басты қабат – Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұрасы. Туынды соңындағы Шәкәрім симфониясы да ерекше әсер қалдырады. Музыка оқиғаны аяқтайтын фон ғана емес, фильм бойы жинақталған ойлардың рухани түйініне айналады. Экрандағы мұнай өндірісі мен адамдық күрес бір арнаға тоғысып, көрерменнің санасында ақынның өсиеті жаңғырады.
Қорыта айтқанда, Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмі мұнай өндірудің тарихын ғана емес, адамдық қасиеттің қадірін де ұғындырады. Қасымның басынан өткен оқиғалар арқылы тәуекелге барудың, еңбектенудің, қиындыққа мойымаудың маңызын көреміз. Сонымен бірге қоғамның дамуына кедергі келтіретін немқұрайлылық, жауапкершіліктен қашу мен жеке басының пайдасын ғана ойлау секілді мінездер туралы да ойланамыз. Фильмнен алған әсерім – елдің болашағы тек жер қойнауындағы байлыққа емес, сол байлықты игеретін адамдардың ниеті мен ісіне байланысты екені. Шәкәрімнің «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген өсиеті де осы ойды бекіте түседі. Меніңше, «Қара алтын» көргеннен кейін ұмытыла салатын фильм емес. Ол әрқайсымызға өзімізге бір сәт үңіліп, «Мен еліме қандай пайдамды тигізіп жүрмін?» деген сұрақ қоюға себеп болады. Өйткені мұнай – елдің байлығы болса, адал еңбек пен адамгершілік – сол елдің нағыз қазынасы.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
13 қазан 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9445)

13 қазан 2026 ж.

№77 (9444).

10 қазан 2026 ж.

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031