Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Әділет» партиясы облыстық сайлауалды штабы жұмысын қорытындылады

«Әділет» партиясы облыстық сайлауалды штабы жұмысын қорытындылады

«Әділет» партиясының Қызылорда облыстық филиалында сайлауалды штабтың қорытынды жиыны өтті. Онда штаб мүшелері, партия кандидаттары мен белсенділері үгіт-насихат науқаны барысында сайлауалды бағдарламаны таныстыру бағытында атқарылған жұмыстар нәтижелерін саралап, алдағы міндеттерді пысықтады.
Науқан барысында штаб мүшелері мен үміткерлер өңірдің барлық аудандарын аралап, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және түрлі сала мамандарымен кездесулер өткізген.  Жалпы, 29 нысаналы топпен 5 737 кездесу ұйымдастырылып, 307 557 сайлаушы қамтылған. Бұл облыстағы сайлаушылардың 61,2 пайызын құрайды. Мұнан бөлек, тұрғындары онлайн қамту мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желілерде 20 мыңнан астам үгіт материалдары жарияланған.
Кездесулерде тұрғын үй құрылысы, жол сапасы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, абаттандыру және әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен қатар партияның алдағы бес жылға арналған даму жоспары таныстырылып, оның өңір үшін маңызы түсіндірілді. Тұрғындар ұсынылған бастамаларды оң қабылдап, өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.
Қорытынды жиында «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, сайлауалды штабтың тең төрағасы Жандос Базартай науқан барысында атқарылған жұмыстарға тоқталып, бағдарламаның негізгі басымдықтарын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үймен қамту және жол инфрақұрылымын жақсарту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі.
«Сайлауалды бағдарламамызда 2031 жылға дейін облыста 4,7 миллион шаршы метр тұрғын үй салу, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға жеткізу және қосымша 27 ауылдық елді мекенде газ тарату желілерін салу есебінен облыс халқын газдандыру деңгейін 91,4%-ға жеткізу көзделген. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды міндеттер. Науқан кезінде халықпен ашық диалог орнатып, олардың талап-тілектерін тыңдауға мүмкіндік алдық. Ендігі міндет – көтерілген мәселелерді назарда ұстап, олардың шешілуіне ықпал ету», – деді Жандос Базартай.

Сайлауалды науқан барысында тұрғындардан көптеген ұсыныс пен талап-тілек жинақталды. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол және инженерлік инфрақұрылым мәселелеріне қатысты. Жинақталған ұсыныстар негізінде 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік Жол картасы әзірленуде.
Қазіргі уақытта құжатты түпкілікті пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Онда сайлауалды бағдарламада белгіленген іс-шаралар мен нысаналы индикаторлар қамтылып, әр міндет бойынша жауапты орындаушылар мен қаржыландыру тетіктері айқындалуда. Сондай-ақ Жол картасының орындалу барысы туралы тоқсан сайын халық алдында есеп беру көзделіп отыр.
Жандос Базартай тұрғындардан түскен бірде-бір ұсыныс назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Жол картасына енгізілген мәселелермен қатар, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бойынша да жұмыс жалғасады. Оның сөзінше, партия қызметінің басты нәтижесі – өткізілген кездесулердің санымен емес, халық көтерген мәселелердің шешімін табуымен өлшенеді.
Қорытынды жиында науқанның нәтижелері сараланып, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды. Жандос Базартай облыс тұрғындарын 2026 жылғы 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, «Әділет» партиясына дауыс беруге шақырды.

Тапсырыс беруші: Базартай Ж.Н
Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында
партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді
27 қараша 2026 ж. 34 0