ЕСІРТКІ – ЕРТЕҢДІ ҰРЛАЙТЫН ҮНСІЗ ЖАУ

Бір түйір ұнтақ, бір тамшы сұйықтық, бір тал өсімдік... Алайда сол «бірдің» артында мың тағдыр, мың үміт, мың қайғы жатыр. Бұл – көзге көрінбейтін, қоғамның іргесін баяу, мейірімсіз шайқап жатқан көлеңкелі соғыс. Әлемде 300 миллионнан астам адам есірткі тұтынады деген дерек бар. Оның 40 миллионы – тәуелді. Бұл жай статистика емес, бұл – көз жасына толы миллиардтаған сәттер. Қираған отбасылар, өмірін ойран еткен жандар, өз болашағын өз қолымен отқа тастаған жастар. Оның ізі біздің елден де табылып отыр. Заң қатайғанымен, қылмыстың жолы әлі толық кесілген жоқ. Тіпті алыс ауылдардың тыныштығын да бұл удың иісі бұзуда. Мәселен, Шиелі ауданында 2023 жылы есірткіге қатысты 11 қылмыстық дерек анықталса, 2025 жылдың тоғыз айының өзінде бұл көрсеткіш 15 дерекке жеткен. Олардың ішінде 8 дерек есірткі өсімдігін заңсыз егу, 1 дерек – есірткіні өткізу мен сату, ал 6 дерек – алып жүру және сақтау. Құқық қорғаушылар 472 келіге жуық, 2712 түп сора өсімдігін айғақ зат ретінде тәркілеген. Бұл – бір ғана ауданның бір жылдық дерегі. Ал ел көлемін елестетіп көріңіз.
Бір түп сораны еккен адам бәлкім табыс табам деп ойлаған шығар. Бірақ оның қолымен қоғамға у егілді. Әр түп – бір жасөспірімнің адасқан жолы, әр түп – ата-ананың ұйқысыз түні, әр түп – бір болашақтың үзілген үміті. Есірткіге тәуелді адам – тек өз өмірін ғана емес, айналасындағылардың тыныштығын да ұрлайды. Ол қылмысқа, өтірікке барады, кейде қайтар жолды таппай, өмірмен қоштасады.
КҮРЕС ТЕК ПОЛИЦИЯМЕН БІТПЕЙДІ
Полиция ұстайды. Сот жазалайды. Бірақ сана жазаламайынша, нәтиже толық болмайды. Бұл індеттің тамыры – жастардың рухани әлсіздігінде. Бос уақыт, бос сана – удың енуіне ашық есік. Сондықтан ең басты қорған – тәрбие мен білім. Әр ата-ана баласына сенім артып қана қоймай, сұрақ қойсын. Әр мұғалім ақпарат беріп қана қоймай, ой салсын. Әр қоғам мүшесі жай қарап отырмай, жақсылыққа үн қоссын. Өйткені, есірткімен күрес – полицияның емес, әр жүректің ісі.
МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ ТАЗА САНА КЕРЕК
Ұлттың болашағы мықты болуы үшін, ұрпақтың санасы таза болуы шарт. Біздің елдің болашағын бір ғана «түйір ұнтақ» жойып жібере алмайды, егер әр азамат «жоқ!» деп айта білсе. Шиеліде қолға алынған жұмыстар – соның дәлелі. Қырағы полиция, жауапты қоғам, саналы ұрпақ болса – есірткіге орын жоқ. Бірақ босаңсуға болмайды. Есірткімен күрес – уақытша науқан емес, үздіксіз жүргізілуі тиіс ұлттық саясат. Күрестің нәтижелі болуы үшін қоғамның әр мүшесі өз орнында жауапкершілік танытуы қажет. Себебі әрбір бейқамдықтың артында бір тағдырдың жоғалуы мүмкін. Есірткі – адамды ұйықтататын у, ал қоғамды ұйықтататын қауіп. Біз қырағылықты жоғалтсақ – ертең ояна алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан есірткімен күрес – тек заң алдындағы емес, адамгершілік алдындағы борыш. Таза сана, таза өмір, таза қоғам – міне, біз жеңіске жететін жалғыз жол осы.
С.МАДИЯРОВА