Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРМЕГЕН

СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРМЕГЕН

Газетті уақытылы әрі тап-таза күйінде жеткізу үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап етеді. Осы маңызды міндетті «Сыр Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық, кейбір республикалық басылымдар мен Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетін тұрғындарға уақтылы жеткізіп беруді «Халық» ЖШС тасымалдаушылары мінсіз атқарып келеді.


Газетті тарату бөліміне артылған жүктің ауқымы өте кең. Аптасына үш рет жарық көретін басылымдар облыс орталығындағы өз баспаханасында түнде басылып шығып, таңғы сағат 6:00-де Шиелі ауданына арнайы көлікпен жеткізіледі. Кейін 10 мыңнан астам газет редакцияның тарату бөлімінде сұрыпталып, сол күні түс ауғанша 22 ауылдық округке таратылады. Бұл – уақытпен санаспай атқарылатын жүйелі әрі тиянақты жұмыс. Қазіргі таңда аудан көлемінде 33 тасымалдаушы, 1 сұрыптаушы және бір менеджер қызмет атқарады. Бұл қызметтің бір парасы аудан әкімдігінің тікелей қолдауымен және «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Қағаз басылым – ұлттық болмыс айнасы Қазіргі цифрлы заманда ақпарат көздері көп болғанымен, қағаз басылымға деген сүйіспеншілік әлі де азайған жоқ. Газет – шынайы ақпараттың қайнары, ұлттық болмыстың айнасы. Ал сол құндылықты әр үйге жеткізу – таратушылардың қасиетті ісі. Біздің ауданда бұл жауапты міндетті атқарып жүрген Шиелі сұрыптаушысы – Эльвира Ахметова. Басылымдардың уақытылы және дұрыс таралуын жүйелі ұйымдастырады. Сонымен қатар Нұржан Әлімбетов, Айман Төлегенова, Талғат Нұрымбет, Гүлнәр Нәлібаева, Қарлығаш Мұсаханова, Қаракөз Мұсаханова, Рысалды Әлімбетова, Нәзігай Сарыбаева, Ұлжан Шакирова, Дилара Шахиева, Берік Спанов және Бақытжан Талғатұлын ерекше атап өткеніміз дұрыс болар. Бұл мамандар ауа райы қандай болса да, таңертең ерте тұрып, газеттерді сұрыптап, әрбір үй мен мекемеге уақытылы жеткізуге бар күш-жігерін салады. Олардың басты мақсаты – басылымның кешіктірілмей жетуі. Бұл жұмыс – тек еңбек емес, үлкен жауапкершілік пен тәртіптің белгісі. Халыққа жақын, қызметке адал Таратушы болу – жай ғана газет жеткізу емес. Бұл – ел мен ақпараттың арасындағы көпір болу. Таң шапағы атпай, қарапайым жұрт ұйқысынан оянбай тұрып, қолына газет ұстап, ауыл-ауылды аралайтын таратушылар – халыққа ең жақын, ең шынайы еңбек адамдары. Олардың жұмысы көзге көрінбеуі мүмкін. Дегенмен әр шаңыраққа жаңалық жетсе, әр оқырман сүйікті басылымын дер кезінде қолына алса – бұл ең алдымен сол таратушының адалдығы мен жауапкершілігінің жемісі. Таратушылар үшін ауа райы, мереке, демалыс деген ұғым болмайды. Олар үшін басты мақсат – газет уақытында оқырман қолына тиюі. Бұл – тәртіп пен талапты қажет ететін, шыдам мен шынайылықты талап ететін жұмыс. Бүгінде қоғамда түрлі сала өкілдері лайықты марапатқа ие болып жатады. Ал үнсіз ғана өз міндетін адал атқарып жүрген таратушылар – шын мәнінде үлкен құрметке лайық жандар. Олар – ақпарат дәуірінде шынайы жаңалықтың алтын көпірі. Олардың қызметі – қоғам тынысының бір бөлшегі, ел ішіндегі үн мен ұлт рухының жеткізушісі. Сол себептен олар туралы: «Халыққа жақын, қызметке адал» - деп толық сеніммен айтуға болады.


Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
14 қазан 2025 ж. 47 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

№77 (9344)

11 қазан 2025 ж.

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031