Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырға жуық тарихы бар басылым

Ғасырға жуық тарихы бар басылым


Биыл Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толса, келер жылы ауданымыздың бас басылымы «Өскен өңір» газеті де 80 жасқа толады. Демек, бұл газетті ауданымыздың шежіресі, айнасы, тасқа басылған тарихы деп айта аламыз. Тарихты тұлғалар жасаса, қаламгерлер жазады, тарихшылар зерттейді. Мысалы, биыл Шиеліде цемент зауыты соғылды делік. Ол іске қосылып, өнім бере бастасымен газетке басылып, содан зауыттың тарихы басталады. Сол сықылды тоқсан жыл көлемінде ауданда не жаңалық болды, солардың барлығы газет бетінде тарихқа етене еніп, бүгінгі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жетті. Бұл баспасөздің бір ғана құдіреті.
Баспасөздің рөлін айтқанда оның қаламгерлер жайлы әңгіме өрбітпесе қисынсыз болар еді. Әрбір кезеңнің өз майталмандары, ерлері болады. Біз қашанда солардың ішінде газеттің алғашқы шығарушысы, редакторы Мәді Молдыстамовтан бастап әңгіме өрбіткен болар едік. Ол кезде аудан жұртшылығы арасында газет жайлы жалпы түсінік қалыптасқан болатын, бірақ ауданның өз басылымы, өз үні, газеті жоқ еді. Сол себептен 1939 жылдың 19 наурызынан ең алғаш рет «Стахановшы» атымен 1000 дана тиражбен газеттің бірінші нөмірі жарық көріп, Жаңақорған ауданының баспаханасынан латын харпімен басылып, Шиелі жұртшылығына тарқатылды. Оқырман алғашқы өз газетін қуана, қызыға қабылдады. Міне, содан бері түрлі-түрлі өзгерістерге ұшырап, аты да үш рет ауысып, бүгінгі күнге де жетті, сөйтіп келер жылы тоқсан жасқа келеді. Газеттің 80 жылғы тарихында мұнда талай-талай тарланбоздар, майталмандар еселі еңбек етіп келді. Бастапқы жылдары газетте журналист мамандар болған жоқ. Негізгі мамандарды тілші атайтын, олардың өзі негізінен оқыған, сауаты бар мұғалімдер, қызметкерлер болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу интеллегенция өкілдері, сауатты, білімді жандар еді.
Елдегі сауатсыздықты жою саясатымен бірге елде сауаты ашық жандар көбейе бастады. Қоғам бірнеше рет өзгерістерге ұшырап, соған орай газет те өзгеріп отырды. 1959 жылы газет «Коммунизм жолы» болып жарық көрді, кириллицамен басылды. «Өскен өңірдің» алғашқы редакторы болып Дүйсенбі Смайлов тағайындалды. Газеттің көркейіп, ажарлануына Сейітқасым Сейтенов, Тілеген Шопашев, Қалмахан Әбдіқадыров, Оразбек Сәрсенбаев, Арман Нұрқабаев, Әбділда Тәжібаев, беріде Ағайдар Ысымов, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Серік Байхонов, Қуандық Түменбаев, Серік Пірназаров, Мәрия Жұматова, Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова, Нәзира Жәрімбетова, т.б. көп еңбек сіңірді. Баспахана еңбеккерлері күндіз-түні ерінбей еңбек етті. Өз өмірінде газет талай қиындықтарды бас­тан кешірді, көптеген жетістіктерге де жете білді. Биыл ауданымыз 90 жасқа келіп, тойлайтын болса, оның барлық тарихи-шежіресі газет бетінде қатталған, шежіреге енген «Өскен өңір» еліміз тәуелсіздік алғалы бері де қатты өзгеріске ұшырады. Жаңа ғимаратқа енді, жаңа технологиямен жабдықталды, офсеттік басылыммен, түрлі-түсті болып, үлкен таралыммен, аптасына 2 рет тарайды. Барлық аудандық басылымдар секілді «Өскен өңір» де «Сыр Медиа» ЖШС-нің құрамында. Газетті оқырманға жеткізу де редакция тарапынан жүзеге асырылады. Бір сөзбен айтқанда, редакцияда жаңалықтар көп. Ұйымшыл ұжым келесі жылы 80 жылдық торқалы тойына әзірліктер жасауды бастады.
Газеттің ардагері
Алтай АЙЫП.
01 шілде 2018 ж. 1 729 0