Газетке арналған 35 жыл
Аудан айнасы саналатын «Өскен өңір» газеті енді бір жылдан соң 80 жылдығын тойлайды. Сонау 1939 жылдың 19 наурызында «Стахановшы» деген атпен алғашқы саны жарық көрген басылымның дүниеге келуі өңірдің көз қуанышына айналды. Тағы бір қызығы, газет латын харпімен шығып тұрды. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген мәтел бар. Біз газет және оның тарихы туралы сөз қозғағанда сол бір күндік газеттің өзін де, мың күндік сөзін де жасайтын журналистер мен қызметкерлер туралы айтпай кете алмаймыз.
80 жылдық тарихы бар «Өскен өңір» газетінде елімізге танымал небір талай редакторлар мен қаламы қарымды журналистердің, газет тіршілігінің тайқазаны саналатын мамандардың, ойы жүйрік, санасы сергек, көзі қырағы талай аға-әпкелеріміздің қолының табы, маңдайының тері бар. Міне, сондай еселі еңбектің нәтижесімен өзінің өмірінің тең жарымын осы газеттің өміріне арнаған бүгінде бірімізге ана, бірімізге әпке, құрдас әріптестеріне сыйлас, сырлас бола білген газет корректоры – Айнагүл Байдаулетова. Айнагүл апай – бұл ұжымда сонау 1985 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жұмысына тиянақты, жауапкершілігі зор, өте сауатты Айнагүл апай осы газетте қызмет істеп кеткен әрбір журналистің аты-жөнін, қызмет бабын жаңылмастан айтып береді. Есте сақтау қабілетінің мықтылығы сонша, қай жылдары қандай редактор қызмет жасағанын да айта алады. Сондай-ақ, тек корректор ғана емес, жұмысқа жаңадан келген жас журналистер үшін ақылшы ұстаз. Тіпті, тәжірибелі журналистердің, ардагер тілшілердің жазған сөйлемдерінің қисынын, ретін келтіріп, сөйлем байланыстарын жөндеп отырады. Газеттің әрбір санында қандай мақала жарияланғанын көрмей-ақ айтып беріп отырады. Тағы бір қырын кейбір сөздердің дұрыс жазылуына күмән келтірсе, үстелінің үстінде тұратын, орфографиялық сөздік кітабын алып, сол мезетте қалай жазылу керегіне көз жеткізеді. Ұжымдағы әріптестерінің арасында «Айнаш» атанып кеткен корректор апайымыз бүгінде зейнет жасқа толып отыр. Бір ұжымда 30 жылдан көп қызмет атқару кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан, өте ақкөңіл, мейірімді, әріптестеріне сыйлы, қадірлі Айнагүл апайды зейнет жасына толған мерейлі мерекесімен құттықтап, бейнеттің зейнетін көріңіз деген ізгі тілегімізді білдіреміз.
Айнұр
НАЗАРОВА.