Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Газет тілі – халық тілі

Газет тілі – халық тілі

Өткен жылы аудандық «Өскен өңір» газетінің өткенімен танысу үшін әрі әкем, айтыскер ақын Шәдібек Нұржанұлы туралы жаңа деректер табам ба деп Алматыдағы орталық кітап палатасына барып, газеттің 1938 жылдан бастап шыққан нөмірлерін алып екі күн отырып оқып шықтым. Газеттен Шиелі ауданының 90 жылға дейінгі тарихын түгел зерттеп, жақсылары мен жайсаңдарын көз алдыңа елестетіп, туған жерің, елің туралы толық мағлұмат алуға болады екен. Газет уақыттың тамыршысы, жаңалықтың жаршысы, халықтың тілекшісі, айбыны, елінің де, жерінің де тірегі, халықтың қайғысын жеңілдетіп, мұңын, зарын айтатын қамқоршысы, әруақты сілкіндіріп, өткеніңді өшірмей, барыңды бағамдайтын көңілдің таразысы, жүректегі жараңды жеңілдетіп, ауруыңды басатын емшісі, тірінің тірлігін насихаттап, өлінің әруағын дүр сілкіндіретін, тірінің санасында өлінің жасампаз тірліктерін жаңғыртатын, көз алдыңа қайтадан елестететін күш екенін сезіндім. Сондықтан да өзіміз жаздырып алатын көп газеттің ішінен алдымен қолымызға алатынымыз да, іздейтініміз де аудандық «Өскен өңір» газеті. «Өскен өңірді» оқып болмай басқа газетті қолымызға алмаймыз. Халықтың өзінің сүйікті газетіне деген махаббаты, сыйластығы заман өзгерсе де өзгермей қайта күннен күнге түлеп, біздің санамызда рухани жаңғырудың бір парасындай болып келеді.
Газеттің әрбір санын қолыңа ал­ған кезде өзіңнің туған еліңмен, жеріңмен қайта қауышқандай боласың, жаңалық күтесің, халқыңның бүгінгі тыныс-тіршілігімен хабардар боласың, жақсысына сүйініп, көңілің толмаған тірлікке күйінесің. Газеттің тұрақты оқырманы, жанашыры болғаннан кейін газет бетінде жарияланған әрбір іс-шараға мән беріп, өзімізше таразылаймыз, толғанамыз. Жақында аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Әде­мі қартаю деген не?» деген тақырыпта аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өтіп, оған ауданның төрт ақсақалының өмір жолдары өнеге болыпты. Қартаюдың өнегелі жолдарын ортаға салыпты. Әйелдер кеңесі ұйымдастырғаннан кейін неге аудандағы жұртқа үлгі-өнеге болып қартайып отырған К.Жәукебаева, Т.Жүнісбекова, А.Әбдіхамитова, Б.Жа­наева, сияқты апаларымыздың бір-екеуін ортаға шығармай ма деген ойға қалдық. Р.Мауяев, Дүйсенов, С.Аймаханов, К.Палмағамбетов сияқты халыққа білім берудегі еңбегі зор ағаларымыздың сахнаға шыққанын құптағанмен Е.Жұмадилов неге қайта-қайта марапаттала береді. Өткен жылы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» медалін алса, биыл «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағын алды. Ауданда Асанбек Бакиров, Абай Баукенов, Әбен Бакиров, Тахир Махамбетов сияқты бүкіл өмірін халыққа білім беруге арнаған ағаларымыз бола тұра неге бір адамды қайта-қайта мадақтай береміз, үндемеген адамның жазығы бар ма, әлде олар да сахнаға шығып биліктегі азаматтарды кезектесіп мақтай бермегеннен көзге ілінбей ме деген ойға келеміз. Шынында олардың еңбегін ешкім көрмей жатса да, көзге ілмесе де ешкімге өкпе артпай, «бізді неге елемейсіңдер, еңбегіміз бар емес пе?» демей, әрбір болып жатқан әділетсіз тірлікті үнсіз қабылдап үндемей жатуларының өзі нағыз әдемі қартаю емес пе?!
Шындықты айтсаң қоғамға жақпай қаласың, арызқой, бәлеқор атанасың. Қазіргі заман шындықтың басы кесіліп жерге көмілген, кер заман дегенмен жалпы заманды жамандай алмайсың. Оған арың да бармайды. Себебі, қазақта бұтаның басына бозторғай жұмыртқалаған деп ең жақсы заманды айтады, сол заман қазақтың тәуелсіз ел болуы емес пе! Алла бұйыртып сол ата-баба армандаған тәуелсіздікке қолымыз жетіп Нұрсұлтан Назарбаевтай қазақтың дара ұлы елімізді басқарып, қазақтың бүкіл дүниежүзіне танылып отырған кезеңінің қызығын ұрпағымызбен көріп отырмыз. Жаратушыға шүкірлік қыламыз. Тәубе дейміз, Елбасымызға мықты денсаулық, халыққа бақытты өмір тілейміз. Тілекшіміз деп бұғып отыра бермей халқымыздың кешегісі мен бүгінгісін көз алдымызға әкелетін сүйікті газетіміз «Өскен өңірдің» өткені мен бүгінгі таңдағы жағдайын салыстырып, пікір айтсақ орынсыз болмас деп ойлаймыз. Кеңестік дәуірде газет партияның органы болғандықтан газетте жарық көрген әрбір материал есепке алынатын. Газетке басылған материалдарға партия, кеңес органдарының лауазымды тұлғалары өз салалары бойынша мекеме басшылары жауап беретін, газет бетінде басылатын. Ал қазіргі таңда газет бетінде жарық көріп жатқан аудандағы күріш егісінің проблемалары «Алмалының алма бағы қайда?», «Жолдарды қалай жақсартамыз?», Шиелінің қауынын жақсартып шетелге шығару, аудандағы мәдениет және білім саласының жұмысын жандандыру, кент орталығының санитарлық тазалығы сияқты проблемалық материалдар газет бетінде жарық көргенмен оны қолдап, кемшіліктерді жою жөнінде ешкім жауап жазбайды. Газет көтерген проблема аяқсыз қалады. Осыдан шамалы уақыт бұрын газетте Шиелі ауданындағы мәдениеттің қазіргі жағдайы туралы, Шиелінің атағын шетелге шығарған «Жас дәурен» ән-би ансамблінің қазіргі жағдайы сараланды. Күні бүгінге дейін газет материалы ешкімді ойландырмай тұр. Өркен Исмаил өзі мәдениет қайраткері болғаннан кейін жаны ашып, біресе мақтап, біресе қамшылап жазғанымен нәтиже жоқ. Сондықтан, газет бетіне шыққан материалдарға сергек қарап, оған дер мезгілінде жауап беру газетті сыйлаумен бірге мұңы мен зары, жетістігі мен кемшілігі айтылып отырған халықты сыйлау екенін ұмытпайық, газет материалдарына сергек қарап жауап беру азаматтық борышымыз екенін естен шығармайық.
Есіркеп Шәдібеков,
зейнеткер.
21 желтоқсан 2017 ж. 1 514 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031