Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлкенің тарихы, халықтың қазынасы

Өлкенің тарихы, халықтың қазынасы

Біздің өлкенің, Шиелінің 50 жылдық фототарихы «Өскен өңір» газетінің ардагері марқұм Сайдхасан Хутаевтың жеке мұрағатында сақтаулы тұрған болатын. Бұған дейін, бірқатар азаматтар сол мұрағатты аудан мұражайына өткізуді сұрап, ардагердің өзіне, ол кісі өмірден қайтқаннан кейін ағайын-туыстарына жолығып, сұрау салған еді. Дегенмен сәті түсе қоймағанды.
Жуырда аудандық «Тарихи-өлкетану музейінің» директоры Өсербек Төребай «Өскен өңір» газетінің редакциясына келіп, алдағы жұмыс жоспарлары туралы ой бөліскен болатын. Жалпы музей мен редакция арасында әріптестік байланыс жақсы жолға қойылған. Осы кездесу барысында музей директоры мен газет редакторы ақылдаса келе С.Хутаевтың жеке қорындағы фотосуреттер мен фотопленкаларды музей қорына өткізуді, ол үшін фототілшінің туған-туыстарымен сөйлесіп, келісімін алуды көздеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында аймақтың, өңірдің, туған жердің тарихын тереңдету, насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру баса көрсетілген емес пе? Осыны негізге алып, музей директоры С.Хутаевтың туыстарын бетке алып, келіссөзге аттана жөнелді.
Келіссөз нәтижелі аяқталды. Төребай Өсербек өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келді. Қуанышында шек жоқ. Жеке мұрағат музейге әкелінді. Шиелінің 50 жылдық фототарихы жойылып кетуден сақталып қалды. Үлкен, тындырымды жұмысты нәтижелі атқарған музей директорына болашақ тарихшылар, өлкетанушылардың айтар алғысы шексіз болса керек. Келіссөзден олжалы оралған Ө.Төребаймен тағыда жолығып, мәселені түпкілікті өз аузынан естідік.
– Ел тарихында құнды жәдігерлер көбіне жеке адамдар қолында жүріп жойылып кетуде. Бұл кісі жөнінде осы редакциядан естіп, оның фото қорын іздеуге кірістік. Алайда, ол қорды алу мүмкін емес деген сыбыстарды да құлағымыз шалды. Десек те, нар тәуекел етіп Сайдхасан ағамыздың үйіне барып, туысы Әсемгүл Яхияевамен жолығып, келісімге келдік. Фототілшінің барлық дүниелері толық сақталмаған. Көптеген фотоапарат, видеолары қолды болып кеткен екен. Бізге С.Хутаевтың суреттері мен фотопленкаларын табыстады. Бүгінгі таңда сол суреттерді санау жұмыстары жүргізілуде. 3 мыңнан аса фотопленка мен 7 мыңнан аса суреттерін сүртіп, музейге орналастырып жатырмыз» -дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған жәдігерші Өсербек.
– Шиелі ауданының 60-шы жылдарынан бері қарай Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығын қоса қамтыған суреттер бүгін «Тарихи-өлкетану музейіне» Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні құрметіне орай тарту ретінде табысталды. Бір ауданның жарты ғасырлық фотобейнесін сақтап қалған азаматтың аты осы музейде сақталып келешек ұрпаққа жетері анық. Бұл жолда фототілшінің туысы Әсемгүл Яхияеваның бізге тигізген үлесі зор дейді музей басшысы.
Музей – уақытша немесе науқандық дүние емес, ол ғасырларға есептеліп салынады. Әр ел мұражайын ұқыпты түрде бір ұрпақтан екінші ұрпаққа ауысатынын ескеріп, сабақтастықты елеп тұрғызады, құрады, жасақтайды. Осы тұрғыдан келгенде «Тарихи-өлкетану музейі» аудан тарихыннан хабар беретін түрлі жәдігерлерді сақтап, хаттап ел игілігіне ұсынудан жаңылған емес. Оны «Өскен өңір» газетінің ардагер фототілшісі Саидхасан Хутаевтың дүниелерін жинауға белсене кіріскен осы бір ісінен-ақ байқауға болады.
Ал, енді Сайдхасан Хутаев туралы жас ұрпақ үшін қысқаша мәлімет бере кетуді де жөн санадық. Жалпы шығармашылық, өнер адамына тән негізгі қасиет – жан тазалығы. Жаны таза адам айналасынан сұлулық, әдемілік, тазалық іздейді, әділетсіздік пен жалғандыққа төзбейді. Қазақ фотоөнерінің қыр-сырын меңгерген, фотошежіреші, өзіндік қолтаңбасы бар «Өскен өңір» газетінде фототілші қызметін атқарған Саидхасан Хутаевтың есімі халыққа етене таныс.
Фотоөнердің құдіреті қай заманда болмасын, қоғам назарынан қалыс қалған емес. Бұл саланың рухты болуы мықты мамандарымен айшықты. Осындай тұлғалардың бірі Саидхасан Хутаев 1938 жылы дүниеге келген. 1944-1954 жылдар аралығында «Екпінді» теміржол бекетіндегі балалар үйінде тәрбиеленіп, Қарағанды қаласында ФЗУ-да үш жыл оқып, ағаш ұстасы, сағат жөндеуші, суретке түсіруші мамандықтарын игерген. 1959-1963 жылдары ДОСААФ-та нұсқаушы, 1963 жылы тұрмыс қажетін өтеу комбинатында суретке түсіруші қызметтерін атқарды. Ал, 1967 жылдан бері Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде фототілші қызметін атқарып, ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарды. Шежірелі Шиелі тарихына ерекше қабілетімен енген С.Хутаевтың суреттері көп зерттеуді қажет етеді.
Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің өткен тарихын әлемге танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен жұмыстарды өз мәресіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Оны бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт деуге де болады.
Олай болса, осынау Шиелідегі институт ұжымының бүгінгі атқарып отырған берекелі жұмысы өз нәтижесін беріп жатыр деп толық сеніммен айта аламыз.
Гүлнәр Дүйсебаева.
09 желтоқсан 2017 ж. 2 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031