Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСПАСӨЗДІҢ БЕДЕЛІ МЕН БАҒЫТТАРЫ

БАСПАСӨЗДІҢ БЕДЕЛІ МЕН БАҒЫТТАРЫ


5 мамыр күні ауданда «Аймақ баспасөзінің беделі мен бағыттары» атты облыстық көшпелі семинар болып өтті. «Сыр Медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев бастаған облыстық 4 басылымның, аудандық 7 газет редакторлары аудан әкімінің қабылдауында болды. Мұнан соң қонақтар орталық алаң, «Құрметті азаматтар» аллеясы, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі, Көкшоқы елді мекеніндегі «Тағзым алаңы» сынды көрікті орындарда болды.
«Арман» мәдениет үйіндегі семинарда аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановтың алғы сөзінен соң баспасөзге қатысты келелі ойлар ортаға салынып, болашаққа жоспарлар жасалып, тиісті тапсырмалар берілді. Атап айтсақ, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры А.Оңғарбаев бүгінгі күнгі баспасөз құралдарының қоғамдағы рөлі туралы сөз сөйлеп, заман талабына сай ілгерілеп отыру керектігін жеткізді. Ал, «ІІ жартыжылдыққа баспасөзге жазылудың барысы туралы» бас директордың бірінші орынбасары М.Аралбаев сөз жалғап, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қ.Шарабидинов «Газет және бүгінгі бәсеке» тақырыбында баяндама жасап, газеттің күші мен құдіретін сөз етті.
Иә, бүгінгі дамыған технологияның көмегімен жер бетіндегі болып жатқан оқиғалар әп-сәтте назарымызға ілігіп жатады. Сондықтан, билік пен халық арасындағы алтын көпір саналатын БАҚ тұрғындарға шынайы, әрі ойсаларлық мақалаларды уақытылы жеткізіп отыру үшін сайт жұмыстарын да қолға алған. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде де парақшаларын кездестіріп, жаңалықтардан құлақтануға болады. Сондықтан, интернет желісі қаншалықты дами түссе, газет те солай ілгері жылжып, жылдам ақпарат таратып келеді. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндесек бұл аймақ баспасөздерінің беделін арттырып, бағытын айқындай түсетін семинар болды.

Е.ДАТҚА.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.
11 мамыр 2018 ж. 1 046 0