Кешегі күн, бүгінгі тарих, келешекке аманат
Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы көрсеткен міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Кешегі күн, бүгінгі тарих, келешекке аманат» атты шара болып өтті.
Шараға келген қонақтар «Туған жердің тумалары» тақырыбындағы көрмемен танысып, ауылдың, ауданның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтары жайында мағлұматтар алды. Сонымен қоса, музей қорында сақтаулы тұрған еңбектің ең биік шыңынан көрінген Еңбек Ерлерінің бюстері, ХІХ ғасырда қолданыста болған тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар сынды құнды экспонаттармен танысты.
Шарада алғы сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов: «Қазақ халқының ұлт болып ұйысуы, қалыптасуы, болашаққа қадам басуы ол тарихын білуден басталады. Біз әрбір жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетін сіңіріп, елінің патриоты етіп тәрбиелеуіміз қажет», – деді.
№149 «Қызылту» орта мектебінің 5-11-сынып оқушылары әдеби-монтажын тұрғындар назарына ұсынды. Мұнан соң, Ы.Жақаевтың ізін қуған кәсіпкер Бағлан Әшірбеков пен Асқар Бердібаев жайлы слайд көрсетілді. Олардың еңбек жолы халыққа таныстырылды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, әсем әнмен қатысушылардың жүрегін тербетсе, соңы сұқбатқа ұласты. Тізесімен су кешіп, күріш еккен Шәркүл Мүсілімова, Күнімхан Байжігітовалар және ауыл ардагері Нұрлан Махмутов, ауданның «Құрметті азаматы» Өркен Исмаил, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев жас өрендерге өміріне қажетті бағыт-бағдар беріп, болашаққа жөн сілтеді.
Е.ДАТКЕНОВ.