Мектебіме тағзым
Мәдениет, құрылыс, ғылым, білім сынды түрлі салаларда қызмет жасап жүрген мектеп түлектері алтын ұя мектептерінде қауышты. Оларды домбыра үйірмесінде оқитын балғын балалар күмбірлеген күймен қарсы алды. Содан соң мектептің шежіресінен сыр шертетін мұражайға бас сұқты. Мектептің өткен-кеткенін бейнелеп тұрған суреттермен танысты. Салтанатты шарада алғы сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жылы лебізін білдіріп, игі тілектерін тіледі. Одан соң көрермендер «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» атты 5-сынып оқушыларының әдеби-монтажын тамашалады. Мектеп түлектері «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының бірінші орынбасары Патима Маханбет, Иіркөл ауылдық округінің әкімі Сламхан Монтаев, кәсіпкер Асқар Бердібаев, «КазАтомПром» Ұлттық компаниясының ЖШС РУ-6 мекемесінің «Еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі» бөлімінің басшысы Нұрлан Халықов, №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының директоры Айнұр Архабаева естеліктерімен бөліссе, Тараз қаласындағы «Кнауф Гипс» ЖШС-нің бас директоры Мырзабай Бекназаров Мәскеу қаласында іс-сапармен жүрсе де бейнелі хат жолдап, сәлемін жеткізді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов атқарылған және атқарылатын жұмыстарға шолу жасап, жүрекжарды лебізін білдірді. 9-сынып оқитын Тайман Ерназдың орындауында «Атамекен» әні көрермендердің жүрегін баурады. Аталмыш оқу орнын оқып, биік белестерді бағындырған азаматтар жайлы бейнероликтер көрсетілді. Мектепке келген түрлі мамандық иелерін тамашалап отырған оқушылар үшін өнеге болды.
Гүлзада ҚАЛИ,
№149 «Қызылту» орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Гүлзада ҚАЛИ,
№149 «Қызылту» орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.