Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

Ұстазы жақсының ұстамы жақсы

№45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында бірнеше мектеп түлектері шақырылып, оқушылармен кездесулер ұйымдастырылды. Сондай кездесулердің бірі, мектеп-гимназияның 1977 жылғы түлегі, белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Айткүл Әбдіқадырованың қатысуымен өткізілді. Сынып жетекшілері А.Нүркеева, Г.Ділімбетовалардың ұйымдастыруымен өткізілген «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» тақырыбындағы кездесуде Айткүл Әліқызының еңбек жолы, кәсіпкерлік саладағы қол жеткен жетістіктері, сонымен бірге қайырымдылық істері жас жеткіншектерге насихатталды. Түлеп ұшқан мектебіне А.Әбдіқадыровамен бірге келген оның сыныптас замандас­тары Сара Дәуітбаева, Байдүйсен Мәдиев, Нұржамал Мырзахметовалар өздері ұстаздарынан алған білім мен тәрбие үлкен өмірде бағыт пен бағдар берген шамшырақ болғанын айтып, оларға мәңгілік қарыздар екенін жеткізді.
Кездесу барысында Айткүл Әліқызы оқушылардың сұрақтарына жауап беріп,балалық шағының естелік­терін,мектептегі үлгерімі мен еңбек жолын қалай бастағаны туралы әңгімелеп берді.
Өзі түлеп ұшқан мектебіне қайырымдылық көмегін көрсетіп жүрген А.Әбдіқадырова мектеп-гимназияның Қамқоршылық кеңесінің белсенді мүшесі. 8 жылдан бері ай сайын оқуда үздік көрсеткішке жеткен оқушыға стипендия тағайындап, оқушылардың оқуға деген ынтасының артуына ықпал жасап келеді. Мектеп өз шәкірттерімен мақтанады демекші, әрбір шәкірт мектепте алған білім мен тәрбиені өзінің, отбасының, қоғамның игілігіне жұмсаса мектеп мерейі сол болмақ.

Г.Әбдіханиқызы.
12 желтоқсан 2017 ж. 1 528 0