БАСЫЛЫМ БҰҚАРАҒА ҚАЛАЙ ЖЕТЕДІ?
Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Қандай жағдай болсын, тіпті ауа-райына қарамастан, бұқаралық ақпарат құралдары тың ақпаратты халыққа жеткізеді. Өткізілген іс-шаралар, орын алған оқиғалар мен саяси өзгерістерді дер кезінде газет бетіне жазып жариялау тілшілердің ісі болса, оны тұрғындарға уақытылы жеткізу тасымалдаушының атқарар жұмысы. Осы орайда газетті сұрыптау бөлімінен алып, халыққа жеткізуші қауымның жұмыс барысына тоқталып өтейік. Бұл шаруа сырт көзге оңай көрінгенмен, нағыз бейнеттің өзі.
«Өскен өңір» газетін кент ішіне тасымалдау қызметін қалтқысыз атқарып келе жатқан Рысалды Әлімбетова, Гүлнар Нәлібаева, Алтынай Айтбаева апайлардың еңбегі зор. Жұмыс барысында түрлі қиындықтар мен орын алар оқыс жағдайларға қарамастан, ата басылымды әрбір оқырманнан тысқары қалдырмады. Қазіргі уақытта қауырт әрі қиын жұмыстың бірі – осы газет тасымалдау болып тұр. Табаны тозса да, халыққа басылымның әр санын уақытылы жеткізуге тырысатын тасымалдаушылардың тынымсыз тіршілігінен осылайша бұқараға аз-маз хабар бергенді жөн көрдік. Әр газеттің баспаға дейінгі, баспадан кейінгі жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Рысалды Әлімбетованың тасымалдау қызметін атқарып жүргеніне биыл 8 жыл. Шиелі кентіндегі 20 көшеге 10 түрлі 1000 данадан астам газетті арқалап жүріп, жаяу тасымалдайды. Кейде ертеңгі жұмысын аз да болса жеңілдету үшін кешкілік таратады. – Халық арасында «оңай жерде нан жоқ» деген сөз бар. Осы тасымалдау жұмысын істеп жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Қызықты сәттер мен түрлі қиындықтарға да тап болдық. Кейбір үйдің есігі жабық, пошта жәшігі болмағандықтан, ертеңіне қайта келуге тура келеді. Осындай сәтте тұрғындар бірден шағымданбай, сабырлық танытса деймін. Көшеде қабаған иттерге кезіккен күндер де көп болды. Газетке жазылушы тұрғындарға айтар үлкен өтінішім, есік алдына газет пен журналды салатын жәшіктер орнатып қойса, бізге үлкен жеңілдік болар еді, – дейді. Иә, сонымен қарапайым ғана жұмыстың артында қажырлы еңбек пен табандылық және үлкен жауапкершілік тұр. Сондықтан қай істің болсын, оңай емес екенін түсініп, газет тасымалдаушы қызметкерлердің еңбегін елеп, ұсыныстарын ескерейік, құрметті оқырман!
М.ИБРАГИМОВ