Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тасымалдау ісі табандылықты қажет етеді

Тасымалдау ісі табандылықты қажет етеді


Бүгінде «Сыр медиа» ЖШС мекемесінен шығатын «Өскен өңір», «Сыр бойы», «Кызылорданские вести», «Ақмешіт апталығы» және «Ақмешіт жастары» газеттері күллі ауданға және 22 ауылдық округке жеткізіледі. Әр басылымды оқырманның үйіне дейін жеткізу қызметімен 32 тасымалдаушы айналысады. Сырт көзге қарағанда тасымалдаушының қызметі қызықсыз әрі оңай көрінуі мүмкін. Алайда, бұл саланың да өзіне тән ерекшелігі мен қызықшылығы бар. Мұны біз кент тасымалдаушысы Үсенхан ­Есетовпен әңгімелесу барысында байқадық.
Үсенхан Жақсылықұлы – 1963 жылы Тартоғай ауылында дүниеге келген. Ол Тартоғайдағы орта білімді аяқтаған соң, етжеңді істермен айналысады. Сан салалы қызметпен айналысу барысында өн бойына еңбекқорлық қасиетін дарытады. Сол себептен қандай жұмыс болса да, ат тонын ала қашпай, бар ынта-ықыласымен жасауға тырысады.
Әр түрлі қызметпен айналысып, тәжірибе жинақтаған Үсенхан Есетов 2016 жылы тасымалдаушы қызметіне орналасады. Сол сәттен бастап күніне 480 газетті оқырманға жеткізуді өз міндетіне алады. Жұмыс барысында жұртшылықтың алғысын алған күндері де аз емес.
– Тасымалдау ісі табандылықты қажет етеді. Қазіргі таңда газетке жұрттың қызығушылығы оянған. Мен 15 көшеге 5 түрлі газет таратамын. Әрқайсысын жеке-жеке үйдің алдындағы жәшікке тастап кетемін. Кейде тұрғындар тарапы ескере бермейтін жағдайлар орын алады. Ол – мекенжайдың дұрыс көрсетілмеуі және үй сыртында арнайы жәшіктің болмауы. Бұл біздің жұмысымызға кері әсерін тигізеді, – дейді Үсенхан Жақсылықұлы.
Расында, қазір газет тасымалдаушылардың жұмыс барысындағы қиыншылықтары мен орын алатын оқыс жағдайлар жоқ емес. Себебі, газетке жазылған оқырмандар тасымалдаушылардың қызметіне түсіністікпен қарай бермейді. Газеттерді қалдыратын пошта жәшігінің жоқ екені былай тұрсын, көшеде абалаған иттердің көп болуы да тасымалдаушылардың қызметіне кері әсер етеді. Сол себепті әрбір тұрғын қолында оқып отырған газеттің қандай жолмен, қандай бейнетпен келетінін ұғынса екен. Мүмкін бұл әдіс табаны тесілгенше жаяу жүріп, газет тарататын тасымалдаушының тынымсыз тірлігін жеңілдетер.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ

08 қазан 2019 ж. 1 239 0