ОБЛЫС ЖАСТАРЫН ЖҮЗДЕСТІРГЕН ЖИЫН
Кеше облыстық «Жастар ресурстық орталығында» «Ақмешіт жастары» газетінің ұйымдастыруымен «Ақмешіт жастары» достарын шақырады» атты кездесу өтті.
Өңір жастары бас қосқан жиынды «Сыр Медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев ашты. Басқосуға облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абылайхан Сабанбаев және жеті аудан бойынша аталған орталықтың директорлары мен студенттер, белсенді жастар қатысты.
– Газет аптасына 2 рет шығады. Бұған дейін 12 бет болып шыққан басылым қазір Д2 форматына көшті. Айына бір рет оқырманға ұсынылатын 40-қа жуық бет, 150-ден аса айдар бар. Сонымен қатар әр ауданға кураторлар бекіттік. Олар аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының мамандарымен бірге жұмыс істейтін болады», – деді газет редакторы Айжан Абдуллаева.
– Кездесуге Шиелі ауданынан «Жастар ресурстық орталығының» маманы Ынтымақ Боранбайұлы қатысқан болатын. Ол жастар жылы аясында облыс жастарын жүздестірген жиыннан алған әсерімен бөлісті:
– Басылымдағы жастар тақырыбының негізгі бағыты олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, білім, жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктер, кәсіпкерлік, өнерлі жастарды қолдау, оларды замандастарына үлгі ету және жастар бірлестіктерінің жұмысын насихаттау секілді сан саланы қамтиды. Өзге басылымдар бұл тақырыпты бір нөмірде, тіпті айлық жоспардың өзінде қамти алмауы мүмкін. Бірақ арнайы жастар бағытындағы газет-журнал апталық, айлық шығарылымында толыққанды қамтуға жеткілікті мүмкіндікке ие. Көріп отырғанымыздай, «Ақмешіт жастары» газеті Жастар жылында Д2 форматында жарыққа шыға бастапты. Қашанда жаңашылдықты жатсынбайтын облыс жастарының айнасына айналған басылым ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Форум жоғары деңгейде өтті. Өзімізге қажетті біраз ақпаратқа қанықтық, – дейді Шиелі аудандық «Жастар ресурстық орталығының» маманы. Шара соңында аудандардан келген қатысушыларды «Шығармашылық үйінде» орналасқан газет ұжымдарымен таныстырды.
Асылым ДҮЙСЕНБАЙ.