Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Келелі кездесу

Келелі кездесу



Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылуында еліміздегі барлық жас буынға зор сенім білдіріп: «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біздің қазір жасап жатқанымыздың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр», – деген еді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастарға мемлекеттен қолдау көрсетіліп, білімін жетілдіріп, жұмысқа орналасуға мүмкіндігінше көмек көрсетіліп келеді.
Сейсенбіде аудандық орталық кітапханада «Жастар жылына» орай «Сыр Медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айжан Абдуллаева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова және «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарымен кездесті.
Жиында сөз алған «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Марат Жайлыханұлы медианың бүгінгі жұмысына терең тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, «Жастар жылында» жүзеге асуы тиіс жұмыстарды да жиынға келген оқырмандар есіне салып, жастарға мотивация беретін ұсыныс, пікірлерін айтты. Медиа тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан көмектің бірқатарына тоқталып, алдағы уақытта да жастардың шығармашылығын арттырып, бүгінгі журналистиканың қыр-сырын үйрететін жобаларының бар екендігін жасырып қалмады. Орайы келгенде аудандық «Өскен өңір» газетінің 80 жылдық мерей тойымен құттықтап, сексенінші көктемін қарсы алған үнжарғының замана көшімен бірге келе жатқанын, басылым беттерінен үнемі оқылымды дүниелердің жарияланып жүргенін тілге тиек етті.
Жиын соңында келген қонақтарға аудан жастары шығармашылыққа қатысты көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Кездесу соңында меймандар «Go working» орталығының жұмысымен танысып, кітапхана жұмысына оң бағаларын берді.

Е.Айтөреұлы.
03 мамыр 2019 ж. 807 0