Жастар – ел болашағы
Жуырда Еңбекші ауылдық мәдениет үйінде Жастар жылына орай «Жастар – ел болашағы» атты туған жерден түлеп ұшқан жастармен еркін форматтағы сыр-сұхбат кездесу өтті.
Тұңғыш Президент жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Ол жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп келгені белгілі. Өйткені, жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Жастар жылына орай, ауданда бірінші болып, Еңбекші ауылы кеш ұйымдастырды. «Жастар ел болашағы» атты жиын туған жерден түлеп ұшқан жастармен кездесу кеші болды. Ауыл тұрғындары ұйымдастырушылардың дайындаған концертін бейнероликпен бастады. Одан кейін, аталған шараны ауыл әкімі Б.Омаров ашып беріп, жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы түсіндіріп берді. Ән айтылып, би биленіп ауылдың салтанатты шарасы одан әрі көркемделе түсті.
Сонымен қатар, шараға ауданда әр салада қызмет істейттін жастар қатысып, өздерінің пікірлерін айтып, еркін форматта сұрақ-жауап болды. Атап айтқанда, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б. Әбдірахман, «Өскен Өңір» газеті бас редакторының орынбасары Е. Жүсіп, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Н. Әбуов, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің аға кеңесшісі Н. Сапарбаев және ауылдан шыққан бірқатар білікті жас мамандар қатысты. Кездесуге келген аға буын өкілдері мектеп бітіруші түлектерге ақылдарын айтып, мамандық таңдау жөнінде бағыт-бағдар берді. Отырыс соңында ауыл жастары көкейдегі сұрақтарына жауап алып, естелік суретке түсті.
Ж.Қауғанбаева.