Буллинг: үнсіз қалуға болмайтын мәселе
Бір ауыз сөз – жара, бір әрекет – із қалдыруы мүмкін. Оқушылар арасындағы буллинг бүгінде мектеп өміріндегі елеулі мәселелердің біріне айналып отыр. Оны жай ғана «балалардың еркелігі» немесе «өзара әзіл» деп қабылдау дұрыс па? Әрине, жоқ. Себебі әзіл күлкі сыйласа, буллинг адамның көңіліне қаяу түсіреді, өзіне деген сенімін әлсіретеді.Буллинг – бір оқушыны немесе оқушылар тобын әдейі кемсіту, қорқыту, мазақтау, шеттету немесе оған күш көрсету әрекеттері. Ол тек мектеп дәлізінде немесе сыныпта ғана болмайды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кең таралуына байланысты буллинг виртуалды кеңістікке де көшті. Жалған пікірлер, қорлайтын хабарламалар, адамның рұқсатынсыз суретін тарату – мұның бәрі кибербуллингтің көріністері.
Буллингке ұшыраған бала көп жағдайда өз мәселесін бірден айта бермейді. Ол ата-анасына, мұғаліміне немесе достарына сырын ашудан қорқуы мүмкін. «Мені әлсіз деп ойлап қалады», «одан сайын мазақтайды» деген қауіп оның үнсіз қалуына себеп болады. Ал үнсіздік мәселені шешпейді. Керісінше, оны тереңдете түсуі мүмкін. Сондықтан айналамыздағы өзгерістерге бейжай қарамау маңызды. Сабаққа қызығушылықтың төмендеуі, тұйықталу, достарынан алыстау, мектепке барғысы келмеу сияқты белгілер баланың қандай да бір қиындыққа тап болғанын көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда оны кінәлаудан бұрын тыңдау қажет.
Мектеп – бала білім алып қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасатын орта. Сондықтан әр оқушы өзін қауіпсіз сезінуі керек. Буллингтің алдын алу үшін мектепте ашық диалог мәдениетін қалыптастыру, оқушыларға өз мәселесін еркін айтуға мүмкіндік беру, мұғалімдер мен ата-аналардың бала мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуы маңызды. Сонымен қатар оқушылардың бір-біріне құрметпен қарауын қалыптастыратын тәрбие жұмыстары тұрақты жүргізілуі қажет. Ең бастысы буллингке «бұл қалыпты жағдай» деп қарамау. Бүгін біз үнсіз қалсақ, ертең бұл мәселе басқа бір баланың басынан өтуі мүмкін. Сондықтан буллингке қарсы күрес тек мұғалімнің немесе ата-ананың міндеті деуден аулақ болайық. Бұл – оқушыдан бастап, мектеп ұжымына, ата-анаға дейінгі барша ортаға ортақ жауапкершілік.
Буллингсіз мектеп өздігінен қалыптаспайды. Ол әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізден басталады. Сондықтан бір-бірімізді кемсітпей, керісінше қолдайық.
Салтанат Измаханова
Б.Шалғынбаев атындағы 217 ІТ-мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары







