Цифрлық дәуірдің үш дерті
Қазіргі заманда қауіп тек қараңғы көшеде емес, телефонның ар жағында да, әлеуметтік желінің ішінде де жасырынып тұруы мүмкін. Соңғы уақытта жиі айтылып жүрген үш ұғым бар. Олар – сталкинг, буллинг және дропперлік. Атауы күрделі көрінгенімен, күнделікті өмірде кездесетін оқиғалар. Ең қауіптісі, бұл құбылыстардың әрқайсысы адам тағдырына зиян келтіруі мүмкін. Біз осы мәселені қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік.Буллинг – баланың бас қайғысы
Буллинг сөзі қазақ қоғамында 2010 жылдардан кейін ғана қолданысқа ене бастады. Ал 2020 жылдан бері бұл ұғым күнделікті өмірге толықтай сіңіп кетті. Бұрын «мазақтады», «қорлады», «кемсітті», «күш көрсетті» деп айтсақ, қазір «буллингке ұшырады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейміз.
Буллинг сөзі қазақ қоғамында 2010 жылдардан кейін ғана қолданысқа ене бастады. Ал 2020 жылдан бері бұл ұғым күнделікті өмірге толықтай сіңіп кетті. Бұрын «мазақтады», «қорлады», «кемсітті», «күш көрсетті» деп айтсақ, қазір «буллингке ұшырады» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейміз.
Әрине, қысым көрсету, қорлау, мазақтау бұрын да болған. Алайда кейінгі жылдары бұл құбылыс тым жиілеп кеткендей әсер қалдырады. Әсіресе, сана-сезімі әлі толық қалыптаспаған мектеп оқушылары арасында буллингтің кең таралуы алаңдатпай қоймайды. Ал буллингке ұшыраған баланың суицидке баруы – бұл мәселенің қоғамда ушығып кеткенін аңғартпай ма?
Мәселенің қаншалықты өзекті екенін ресми статистика да көрсетіп отыр. 2024 жылы кәмелетке толмағандар арасында 123 суицид және 400-ден астам суицидке әрекет тіркелген. Олардың басым бөлігі – 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Тағы бір назар аударарлық жайт – бұл балалардың көбі сырт көзге жағдайы жақсы, толық отбасыларда өскен.
ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, Қазақстан кәмелетке толмағандар арасындағы суицид деңгейі жоғары елдердің қатарында. 100 мың жасөспірімге шаққанда шамамен 18 жағдай тіркеледі. Ал былтырғы жылғы суицид оқиғаларының 22 пайызы буллингпен тікелей байланысты болған.
Буллинг Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабымен реттеледі. Яғни, заң бойынша жауапкершілік ең алдымен мектепке емес, нақты буллинг жасаған баланың ата-анасына жүктеледі.
Ғалымдар 6-7 жасқа дейін баланың дүниетанымы қалыптасып қоятынын айтады. Дүниеге жаңа келген сәбиді жазылмаған ақ параққа теңесек, 5 жасқа дейін оның дүниетанымын отбасы қалыптастырады. Ал мектептегі кезеңде, әсіресе бастауыш сыныпта баланың тәрбиесі тікелей мұғалімнің жауапкершілігінде. Өйткені бастауыш сыныптың баласы үшін мұғалімнің айтқаны әрқашан заң күйінде қабылданады. Достары мен айналасының пікіріне құлақ түру жасөспірім кезеңде басталатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Міне, баланың психикасының бұзылуы, буллингке ұшырауы немесе жасауы көбіне осы кезеңмен тығыз байланысты. Дегенмен біздің бұл жерде мән беруіміз керек нәрсе – баланың дүниетанымы мектепке бармай тұрып-ақ қалыптасып қоятыны. Мектеп – сол дүниетанымды дамытатын орын.
Қазір буллингтің жаңа түрі бар – кибербуллинг. Яғни интернет арқылы қорлау. Біреудің суретіне күлкілі жазу жазып тарату, чатта мазақ ету, жалған ақпарат тарату – мұның бәрі бала психологиясына ауыр соққы береді.
Ең қауіптісі – буллингке ұшыраған бала көп жағдайда ата-анасына айтпайды. Ұялады, қорқады немесе «өзі шешемін» деп ойлайды. Ал іште жиналған реніш күйзеліске әкелуі мүмкін.
Интернеттің, әлеуметтік желілердің әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Алайда қандай заманда өмір сүрсек те, баланың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығына ең алдымен ата-ана, кейін мұғалім, соңында қоғам жауапты.
Құқықтық мемлекетте өмір сүретін болсақ, әр жасөспірім өз құқығын білуі тиіс. Ал сол құқықты қорғап, баланы қысымсыз ортада тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет.
Қауіпсіз қоғамға қадам
Өткен жылдан бері сталкинг сөзін жиі құлағыңыз шалып жүргенін байқадыңыз ба? Атауы өзгергенімен, бұл ұғым бұрыннан бар. Біреу жүйелі түрде маза бермей телефон соқса, есік аңдып, әлеуметтік желіде ұдайы бақыласа, сталкинг саналады. Мұның ішіне қорқытып-үркіту, қоқан-лоқы көрсету секілді психологиялық қысым да бар. Қысқасы, зәбір көрушінің зәресін алып, мазасын кетірудің бәрі осы санатқа жатады.
Өткен жылдан бері сталкинг сөзін жиі құлағыңыз шалып жүргенін байқадыңыз ба? Атауы өзгергенімен, бұл ұғым бұрыннан бар. Біреу жүйелі түрде маза бермей телефон соқса, есік аңдып, әлеуметтік желіде ұдайы бақыласа, сталкинг саналады. Мұның ішіне қорқытып-үркіту, қоқан-лоқы көрсету секілді психологиялық қысым да бар. Қысқасы, зәбір көрушінің зәресін алып, мазасын кетірудің бәрі осы санатқа жатады.
Мұндай оқиға қыз-жігіт болып араласқан жұптарда, ажырасқан отбасыларда көп кездеседі. Екіге кеткенде де бұрынғы әйелінің өмірін бақылағысы келетін талай азамат сталкингтің түр-түрін жасаған. Бетін қайтарса да, аяқ тартпайтын қаншама жігіт қызды қаратамын деп аңдумен болды. Қоғам мұндай істі «қалыпты қызғаныш», «жастықтың буы» дегенге салып біршамасын жазасыз жіберіп келген. Ал өткен жылы Шымкентте сталкингтің соңы қайғылы оқиғаға ұласқанын көрдік.
Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды қорғау бағытында арнайы заңдар қабылданды. Қоғамдық резонанс тудырған тақырыптан соң талап пен бақылау күшейді. Осы орайдағы қоғамның соңғы сұрауының бірі сталкингке қарсы жаза болғанын жасыра алмаймыз.
Бұрын сталкингті отбасылық кикілжің, тұрмыстық түсініспеушілік деп қабылдап келдік. Заңнамада «сталкинг» деген тармақ та, түсінік те болмады. Тіпті, құқықтық анықтама берілген жоқ. Соған сай құқықтық жауапкершілігі босаң болғанын жасыра алмаймыз. Сәйкесінше оқиға қай бапқа сай келсе, соған орай іс қозғалатын. Шағымның басым дені Қылмыстық кодекстің «Жеке өмірге қол сұғу», «Қорқыту» секілді баптары бойынша қаралатын еді.
Азаматтардың жеке бас бостандығын қорғау жөніндегі шараларды күшейту мақсатында былтыр ылмыстық кодекске сталкингке қатысты әркеттерді біріктіретін 115-1-бап енгізілді. Енді адамның еркінен тыс ізінен қалмау немесе оның өміріне елеулі зиян келтірген әрекеттер үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қа¬мауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет көзделіп отыр.
Оңай олжа – ауыр жаза
Соңғы кезде «картаңды бере тұр, саған ақша түседі» немесе «телефонмен күніне елу мың теңге табатын жұмыс», «бұл сетевой емес, қолыңда телефоның болса болды», «жылдам ақша табудың жолын көрсетемін» деген ұсыныстар жиі кездеседі. Міне, осы жерден дропперлік басталады.
Соңғы кезде «картаңды бере тұр, саған ақша түседі» немесе «телефонмен күніне елу мың теңге табатын жұмыс», «бұл сетевой емес, қолыңда телефоның болса болды», «жылдам ақша табудың жолын көрсетемін» деген ұсыныстар жиі кездеседі. Міне, осы жерден дропперлік басталады.
Өткен жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа 232-1-бабы енгізілді. Енді банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады.
Бұл әрекет интернет-алаяқтықтың негізгі әдістерінің бірі және ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шығару үшін қолданылады. Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Осы бап арқылы кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуды және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың қызметін тоқтату көзделіп отыр. Әйтпесе, оңай олжа табамын деп, алаяқтық схемалардың еріксіз сыбайласына айналып жатқандарда есеп жоқ. Әккі алаяқтар заңсыз әрекеттерін «ресми жұмыс» ретінде бүркемелеп, жұртты жеке банк карталары арқылы ақша аударуға көндіреді. Сосын мұндай «қосымша табыстың» соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке соқтырып жатады.
Алаяқтар жұрттың мұқтаждығын ақша жылыстатудың құралына айналдырған. Қысқасы, дроппер болу – қылмыстық іс. Ең сорақысы, схеманы ұйымдастырушылар көбіне шетелде отырғандықтан, жазадан құтылып кетеді. Сондықтан есіңізде болсын, өзгенің ақшасын жеке картаңыз арқылы өткізу – темір торға апаратын төте жол болуы әбден мүмкін.
Бұл мәселелердің түп-тамыры неде?
Барлығының түбінде – жауапсыздық, немқұрайлылық және ақпараттың жетіспеуі жатыр. Біз кейде «маған қатысы жоқ» деп ойлаймыз. Бірақ бұл – бүкіл қоғамның мәселесі. Қарапайым сақтық пен өзара құрмет көп мәселенің алдын алады. Баламен сөйлесу, достарды дұрыс таңдау, интернетте абай болу – бұл бүгінгі күннің қажетті дағдылары.
Барлығының түбінде – жауапсыздық, немқұрайлылық және ақпараттың жетіспеуі жатыр. Біз кейде «маған қатысы жоқ» деп ойлаймыз. Бірақ бұл – бүкіл қоғамның мәселесі. Қарапайым сақтық пен өзара құрмет көп мәселенің алдын алады. Баламен сөйлесу, достарды дұрыс таңдау, интернетте абай болу – бұл бүгінгі күннің қажетті дағдылары.
Қоғам болып немқұрайлылықтан арылсақ қана мұндай келеңсіздіктер азаяды. Әрқайсымыз өз орнымызда жауапкершілік танытсақ, қауіп те сейіле түсер ма еді, кім білсін?!
Гүлхан ЯХИЯ







