Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛА САНАСЫНА САЛМАҚ ТҮСПЕСІН

БАЛА САНАСЫНА САЛМАҚ ТҮСПЕСІН

Бүгінгі таңда балалар бесіктен белі шықпай жатып әлеуметтік желіні шемішкедей шағады. Нәтижесінде ұялы телефон мен планшетті ермек еткен баланың санасы ерте цифрлана бастады. Бұрын баланың тілі ертегімен, қимыл-қозғалысы асық пен доппен шыңдалса, бүгінде олар TikTok-та билеп, YouTube-тен ойын шолуын көріп өсіп келеді.

Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері қоғамға аз емес. Бір жағынан, заманауи технологиялар – ақпаратқа қол жеткізудің таптырмас құралы. Бірақ баланың ойлау қабілетін, назар тұрақтылығын, тіпті психикасын ерте әлсіретіп жатқаны да жасырын емес. Виртуалды әлемге еніп кеткен бала шынайы өмірден алыстап, тез жалыққыш, тұйық немесе агрессивті болуы да мүмкін. Технологияны шектеу емес, дұрыс бағыттау қажет
Бала балдәурен шағында гаджетке емес, қарым-қатынасқа, ойынға, кітапқа, табиғи ортаға бейімделуі тиіс. Бұл – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ата-ана баласының тыныштығын қаласа, қолына гаджет ұстата салады. Ал бұл – уақытша ғана тыныштық. Уақыт өте оның зияны ұшан-теңіз болуы ықтимал. Сенатор Нұртөре Жүсіп «Бұрын балаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» дегені есімізде. Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздан алыстатып, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгермеген балалар мен жасөспірімдерді меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз.
Заманның жаңа беті
Соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық TikTok желісіне тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпарат көп. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын ақпараттар көбіне осы TikTok арқылы таралуда. Жасөспірімдердің TikTokтан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес. Осыны ескеріп әлем елдері TikTok-қа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Австралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар… Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені TikTokты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті офтальмолог-дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан ұрпағымызды TikTok-тан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр.
Баланы қалай қорғаймыз?
Ал жалпы баланы телефонды дұрыс пайдалануға баулу – ең басты міндетіміз. Бірақ тыйыммен емес, түсіністікпен. Гаджетті біржола алып қою емес, қолдану уақыты мен мазмұнын бақылау маңызды. Балаға сапалы мультфильм көру, танымдық ойын ойнау арқылы технологияны дұрыс бағытта пайдалануға болады. Ең бастысы – ата-ананың үлгісі. Егер үлкендер де үнемі телефонға үңіліп отырса, баладан басқа тәртіп күту – әділетсіздік. Тәрбие – экранда емес, қарым-қатынаста Бала табиғи ортаны, тірі әңгіме мен жанды сезімді аңсайды. Бірге серуендеу, кітап оқу, әңгімелесу – баланың шынайы әлеммен байланысын нығайтады. Гаджет уақытша қызық ұсынса да, ол жылулық пен сүйіспеншілікті алмастыра алмайды. Бала – болашақтың иесі. Болашағымыз саналы, сабырлы, сезімтал болсын десек, оларды виртуалды әлемде емес, шынайы өмірде тәрбиелейік.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
15 шілде 2025 ж. 55 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (9319)

14 шілде 2025 ж.

№51 (9318)

12 шілде 2025 ж.

№50 (9317)

09 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031