Көзілдірік тағуға ұялсаңыз?
Қатарластарының мазағына қалып, бала кезінде көзілдірік тағуға ұялғандар көп. Ал кейбірі керісінше сән үшін нөлдік көзілдірікке құмар болды. Психолог Жазира Құрмаштың айтуынша, қандай жағдай болмасын, баланың көзілдірікке деген қарым-қатынасы көзілдіріктен емес, өзіне деген сенімділігіне байланысты екен. Баланың көзі нашар көреді. Көзілдірік тағуға ұялса не істеу керек? Көз нашар көретін болса, көзілдірік тағу міндет. Мұнда денсаулық бірінші орында болуы тиіс және бұл мәселеде ата-аналар барынша табанды болғаны дұрыс. Мәселе басқада – бала не себепті ұялады? 1. Баланың көзілдірік тағуға ұялуының себебі тереңде болуы мүмкін. Сондықтан балалар психологының көмегіне жүгіну керек, ол ата-ана байқамаған проблеманы анықтап беруі ғажап емес. Себебі бала өз ортасында мазаққа ұшырағанын немесе өзіне сенімсіздігін ата-анасына айтпауы мүмкін. Көзілдірікке қатысты комплексін бала іште сақтай берсе, өзіне деген сенімі әлсірей береді. Тіпті көзілдірік ол үшін бала күнгі психологиялық соққының себебі болуы мүмкін. 2. Баланың өзіне ұнайтын көзілдірігін алып беріп, оның таңдауын құрметтей білу керек. Ата-анаға баланың көзілдірігі ұнамауы мүмкін, бастысы – баланың өзін сенімді, жарасымды сезінуі. Бәлкім, бала өзі таңдау жасамағандықтан көзілдірік таққысы келмейді?