Компьютерлік ойындар балаларға қалай әсер етеді?
Қазір ғаламторға және компьютерлік ойындарға тәуелді жасөспірімдердің саны күннен-күнге артуда. Баланың виртуалды әлеммен әуестенуіне қатысты кей сұрақтарға жауап іздейміз. Компьютерлік ойындарды көп ойнау шынымен де зиян ба? Қандай да бір нақты деңгейде әрине, зиян. Балалар дәрігерлері компьютер алдында ұзақ отыру семіздікке, дамуындағы артта қалушылыққа, ұйқы проблемаларына және күйзеліске әкелетіндігін ескертеді. Компьютерлік ойындар баланың қатыгез болуына ықпал ете ме? Ол ойынға байланысты: егер қарапайым дамытушы ойындар болса, әрине, жоқ. Ал компьютерлік атысу ойындарына қатысты әлі де нақты жауап жоқ. Кей зерттеулер қатаң ойындар кейде баланың агрессивті болуына әсер ететіндігін дәлелдегенмен, шынайы өліммен оның еш қатысы жоқ екендігін анықтады. Жалпы мұндай ойынның баланың әрекетіне қаншалықты әсер беретіндігі әлі де толық зерттелмеген. Яғни, тек «компьютерлік атысу» ойындары ғана зиян ба? Жоқ, неміс зерттеушілері компьютерлік автомобиль жарыстары да балаға белгілі бір деңгейде зиянын тигізетінін айтады. Мұндай ойындар нәтижесінде, шынайы өмірде де жол жүру ережесін бұзуға әкелген жағдайлар кездескен. Ендеше, компьютердегі дамытушы ойындарды ойнай берсе бола ма? Компьютерден дамытушы ойындарды ойнауға болады, бірақ ғалымдар одан балаға еш пайда жоқ деп ойлайды. Онда бала компьютер алдында ұзақ отырмас үшін не істеу керек? Баладан бірден гаджеттерін тартып алмаңыз. Бұл әрекетіңізбен баланың сізге деген сенімін жоғалтып алып, оған жау боласыз. Оның орнына мына кеңестерге құлақ түріңіз: - Барлық отбасы үшін компьютерлік (кез келген гаджет) ойынға арналған нақты ережелер ойлап табыңыз. Мысалы, мұндай ойындарды ойнауға болмайтын жерлерді белгілеңіз: ол асүй, көлік және т.б болуы мүмкін. Сол сияқты ұйықтарға бір сағат қалғаннан бастап ешкімнің гаджетке жоламауын сұраңыз. Бұл ережелер тек балаларға емес, ересектерге де қойылуы тиіс; - Балаға компьютерлік ойынның орнына басқа лайықты іс ұсыныңыз. Ол спорт, үстел ойыны, отбасылық кеш, серуендеу және т.б болуы мүмкін; - Балаға компьютерлік ойындарды көп ойнаудың зиянды тұстарын түсіндіріп беріңіз. Шынайы өмірде зорлыққа орын жоқ екендігін айтыңыз.
Massaget.kz