«Jas project» ЖАСТАРЫ ЖАЛЫНДЫ
«Jas project» жастар корпусын дамыту жобасы елімізде өткен жылдан бері табысты жұмыс жасап келеді. Жеңімпаздарға 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндік беретін жобаға қызығушылық танытқандар аз емес.
Биыл аудан көлемінде жұмыссыз, кәсіп ашуды армандап, қаражат таба алмай жүрген жастарға тамаша мүмкіндік сыйлайтын жоба аясында 30 жас біріккен еді. Түрлі сала бойынша тұрғындарға тегін қызмет көрсететін жоба қатысушыларының жұмысы аз ғана уақытта өз нәтижесін беріп те үлгерді. Солардың бірі Бидайкөл ауылындағы «Компьютерлік ресурстық орталығының» жетекшісі Дана Шорабаева мен «Мейірім» мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығының басшысы Татьяна Нуштаева. Бірі бүгінге дейін 60-тан аса азаматтың компьтерлік сауаттылығын тегін арттырса, екіншісі әлеуметтік аз қамтылған немесе мүмкіндігі шектеулі 30 баланы қолөнер шеберлігіне баулуда.
Бүгінгі таңда екі жоба жетекшісі бірігіп, мүмкіндігі шектеулі балаларды компьютерлік орталықта білім алуына жағдай жасаған. Олар аймақ басшысымен ауданға іссапары барысында өткен кездесуден жақсы әсер алғанын, Қ.Көшербаевтың «Үкімет пен жеке адамның мүддесін тоғыстыратын жоба әзірлеңіздер. Сіздердің жобаларыңыз бізді қаншалықты таңқалдыра білсе, өз кезегінде біз де соншалықты қаржылай қолдау көрсетуден әсте танбаймыз. Қазір әлем теңесіп кетті. Сондықтан ауылда тұрамыз деп кейін шегінуге болмайды. Тың идеяларыңызды ұсыныңыздар» деген сөзі үлкен мотивация беретінін айтты.
Жоба өз мәресіне жеткенімен кәсібін бастаған жастар мұнымен тоқтамақ емес. Алдағы уақытта Д.Шорабаева Бидайкөл ауылының тұрғындарына «egov.kz» порталы бойынша қызмет көрсеткісі келетінін жасырмады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.