«Zhas Project» жастарға жаңа мүмкіндік
Ел болашағы жастардың қолында. Білімді, жалынды, рухты жастары бар елдің бағыты айқын, болашағы жарқын. Осы орайда, дүйсенбі күні Жастар ресурстық орталығында ҚР Білім және ғылым минситрлігімен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім аясында Жастар корпусын дамыту жобасын үйлестірушілердің ұйымдастыруымен «ZhasProject» жобасына ұсынылған жастар жобасының үздіктері анықталды.
Аталған шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Орынбайқызы ашып, «Бұл жоба жастарымызды болашаққа, жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікке бағыттайды. Мұндағы маңыздысы – идея. Сіздерді ұтқыр ой, ерекше жоспармен таңқалдырып, үздік атануларыңызбен құттықтаймын. Осының бәрін аяқсыз қалдырмай, жауапкершілікпен қарасаңыздар барлықтарыңыз бір-бір кәсіпкерсіздер. Алғашқы қадамдарыңыз үлкен жобаларға ұлассын», – деп жастарды жаңа идеяларға, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
«Zhas Projeсt» жобасы биыл ауданымызда алғаш рет жүзеге асқалы отыр. Аудан жастарынан 80 жоба ұсынылып, оның 30-ы үздік деп танылды. Бұл аудан үшін жақсы көрсеткіш деп білеміз. Ұсынылған жоспарлардың қатарында сүт өнімдері арқылы (қаймақ, сүт, құрт, ірімшік) өндіру, колледж жастары тігін цехын дамытуға, тіл курстары мен түрлі үйірмелер ашу т.б идеяларды аңғаруға болады.
Бұл жобаның негізгі мақсаты осал топтағы жастардың бастамаларына қаржылай қолдау көрсету және осы арқылы шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Қоғамның әлсіз топтарын жұмысқа тартуға бағытталған жоба 14 пен 29 жас аралығындағы үміткерлерге 1 миллион теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік береді. Жобаға тек жұмыссыз жастар қатыса алады. Бастысы – идея керек. Оған қоса, кәсіп бастаушы өзін қолдайтын 3-5 адамнан тұратын топ құрады. Олардың да жас шамалары 14-29 жас аралығында болуы шарт. Серіктес ретінде туыс, достарын алуға болады. Сондай-ақ, жобаның барлық қатысушыларына 6 ай 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін (жоғары оқу орнын бітірген түлектер 60 мың, қалған қатысушылар 40 мыңнан) ай сайын шәкіртақы алып, арнайы оқытудан өтеді. Облысымыз бойынша ешқандай шектеу қойылмаған. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар үшін тиімді жоба екені даусыз. Тек алға мақсат қойып, ойға алған ісінің жемісті жүзеге асуына талаптанса болғаны. Себебі, «талпынған жетер мұратқа» деп бекер айтылмаса керек. Жастар арасында кеңінен насихатталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілсе жас кәсіпкерелер қарасы көбейгелі тұр.
Ғазиза Бауыржанқызы.