Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАНДА НЕ АЙТЫЛЫП ЖҮР?

АУДАНДА НЕ АЙТЫЛЫП ЖҮР?

Қызылорда облысының жүрегі саналатын Шиелі ауданы соңғы уақытта ерекше серпінмен дамып келеді. Әлеуметтік желілер мен жергілікті басылымдарда шиеліліктердің әңгімесі бір бағытта тоғысады. Жолдар жаңарып, жастар белсенді, ал ауданның келбеті күннен күнге көркейіп келеді.

АЖАРЫ АРТҚАН АБАТТАНДЫРУ
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ардагерлермен бірге кенттегі абаттандыру және көркейту жұмыстарын аралап, атқарылған істермен танысты. Алдымен аудан басшысы мен ардагерлер «Руханият» орталығының алдындағы жаңаша келбетке енген аллея мен заманауи субұрқақ кешенін аралады. Мұнда тамшылатып суару жүйесі орнатылып, жасыл газон, жарық шамдар, демалыс орындықтары мен субұрқақтар тұрғындардың тынығуына жайлы орта қалыптастырған. Бұл орталық – аудан өмірінің мәдени және қоғамдық орталығы. Онда неке қию залы, кітапхана, музей мен архив, жастар ресурстық орталығы, ардагерлер мен аналар үйі, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. Осы арқылы Шиелі руханиятының жаңа кеңістігі қалыптасып отыр.
ЖАҢА ҒИМАРАТ – ЖАҢА МҮМКІНДІК
Абаттандыру сапарының келесі нысаны – 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі». Бұл ғимараттарда балалардың шығармашылығын дамытуға арналған үйірмелер де тұрақты түрде дәріс өткізіліп келеді. Аумағы жарықтандырылып, балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілген. Бұл нысандар – ауданның жас буынын өнер мен білімге баулитын жаңа қадамдардың көрінісі. ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Әкім мен ардагерлер А.Яссауи мен Тәуелсіздік көшелерінің қиылысындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) маңындағы жаңартылған аумақты да аралап көрді. Мұнда заманауи автотұрақ, лазерлі әдіспен жасалған темір қоршаулар, жаяу жүргіншілер жолы, жарық шамдар, бастырмалы орындықтар орнатылған. Көлік қозғалысын реттеу және қауіпсіздікті арттыру үшін бағдаршам да қойылды. Ардагерлер игі істерге ризашылығын білдіріп, «ауданның ажары ғана емес, өмір сапасы да артып келеді» деген пікір айтты.
ТАРИХ ПЕН ЗАМАНА ҮНДЕСТІГІ
Келесі бағыт Шиелінің рухани символына айналған Оқшы ата кесенесі. Ежелгі Оғыз-Қыпшақ дәуірінен қалған бұл тарихи нысан – республикалық маңызы бар ескерткіш, әрі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген. Кесене аумағында жүргізілген абаттандыру жұмыстары нәтижесінде жаңа жарық шамдары орнатылып, құрылыс құрылымдары жаңартылып, кесене аймағы көркейтілді. Бұл – тарих пен қазіргі заманның үйлесімін көрсететін, қасиетті орынға деген қамқорлықтың нақты белгісі.
КІРЕБЕРІСТЕГІ КӨРКЕМДІК
Шиелі кентінің кіреберіс қақпасы бүгінде ауданның айрықша нышанына айналды. Заманауи сәулет үлгісімен салынған қақпаға орнатылған жарық шамдар түнгі уақытта алыстан жарқырап, қонақтарға жылы әсер қалдырады. Бұл тек сәулеттік нысан емес, ауданның даму қарқыны мен көркейту бағытындағы жүйелі жұмыстың бет-бейнесі.
КӨШЕ БОЙЫНДАҒЫ ОЙЛЫ СӨЗДЕР
Самара-Шымкент трассасы бойындағы Исатай Әбдікәрімов көшесінің қиылысында жаңа ақпараттық тақталар орнатылды. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел болашағына қатысты ұстанымдары мен маңызды үндеулері бейнеленген. Бұл тақталар көшенің көркін ашып қана қоймай, жастарға патриоттық рух пен елге сүйіспеншілікті насихаттайды. Бүгінгі Шиелі – абаттандыру мен жаңару дәуірін бастан өткеріп жатқан аудан. Жолдар тегістеліп, жарық шамдар жанған сайын, тұрғындардың көңілі де жарқырай түскендей. Тарихи киелі мекендер жаңарып, мәдени орталықтар мен демалыс алаңдары салынуда. Бұл – ауданның келешекке нық қадам басқанын көрсететін айқын дәлел. Шиелідегі әңгіме қазір бір-ақ бағытта: «Біздің аудан жаңарып келеді!»

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

22 қазан 2025 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9347)

21 қазан 2025 ж.

№79 (9346)

18 қазан 2025 ж.

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031