ЖАЙҚАЛҒАН ЖАМБЫЛДАН ЖАҢАРҒАН ШИЕЛІГЕ

Тарихқа көз жүгіртсек, жамбылдық шопан, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев пен шиелілік ақ күріштің атасы атанған 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев өзара тығыз қарым-қатынаста болып, екі облысқа алтын көпір салған. Содан кейінгі ұрпақ та ізгілер салған ізбенен дәстүрлі жолдан жаңылмай, күні бүгінге дейін тәжірибе алмасып келеді.
Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов бастаған делегация мүшелерін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қарсы алып, қонақтарға өңірдегатқарылған жұмыс барысымен таныстырды.
Сондай-ақ сапар аясында делегация мүшелері жаңадан бой көтерген «Руханият» орталығы қызметімен танысу үшін арнайы атбасын бұрды. Мұнда меймандардың алдынан айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп арнау жырымен күтіп алып, қонақтардың қадамына құт тіледі. Алдымен музей жұмысымен танысқан жамбылдық қонақтар мұражайда сақталған құнды жәдігерлерді көріп таңданысын жасыра алмады. Жоғары баға берді.
Сонан соң орталықтағы тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхананың кітап қоры мен атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалардың артықшылықтары туралы айтып, «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деп атап өткен еді. Осыған сәйкес, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан халқы сапалы білім алу, өзін-өзі дамыту жолында таптырмас мүмкіндіктерге қол жеткізгенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар ардагерлер мен қоғамдық кеңес, жастар ресурстық орталығындағы жалынды жастармен тілдесіп, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарына толағай табыс тіледі.
Айта кетейік, жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын бұл заманауи ғимарат ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар ресурстық орталығы, ардагерлер мен аналар үйі, қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеуде.
Өз кезегінде Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов шиелілік әріптестерінің тәжірибесін жоғары бағалап, мұндай жұмыстардың аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол осы бағыттарда екі өңірдің өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысымен екі тарап алдағы уақытта да өзара тығыз байланыс орнатып, нәтижелі жұмыстар жүргізуге ниетті екенін білдірді.
«Өскен өңір» ақпарат