Қос жұлдыз таққан қос тұлға
Қазақта кеудесіне қос алтын жұлдыз таққан еңбек адамдары Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының атақты шопаны Жазылбек Қуанышбаев пен Шиелі ауданындағы бір кездегі Қызылту колхозының күрішшісі Ы.Жақаевтың достығы халықтың есінде. Қос алып қайда кездессе де бірін-бірі сағынып, құшақтары жазылмай жүретін дейді. Жазылбек Ыбырайға қарағанда ашық жарқын, қазақша қағытпа әзілге де шебер екен. Бірақ Ыбырай атамыз да анда-санда шеберлікпен іліп тастап отыратын көрінеді. Мойынқұмдай ұланғайыр паң даланың төсіне ақтылы қой өргізіп, табиғаттың өзінен дәріс алып, қағаз бен қаламға жүгінбей-ақ, қысқа да нұсқалы сөздердің иесі атанған Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына биыл 125 жыл, даңқты диқан Ы.Жақаевқа 130 жыл толып отыр.
Жуырда Мойынқұм ауданында атақ-абыройы бүкіл одаққа жеткен, қой өсірудің даңқты шебері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойы атап өтілді. Аталмыш кешке Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков, Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келген зиялы қауым өкілдері «Жаз-ата» саябағына жиналып, ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды. Онда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей жиналған қауым ата рухына бағыштаған Құранға қол жайды. Бұдан кейін аталған аудандағы Ж.Қуанышбаев атындағы музейде болып, онда мұражай қызметкері Мадина Қорғанбекова атаның өмір жолымен қолданған заттарымен таныстырды. Әсіресе, жиналған қонақтарды екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевқа арналған көрме қызықтыра түсті. Даңғайыр диқан атындағы күріш өсіру тарихи музейінің директоры Құттықыз Шайыққызы «Сырдың елі – жырдың елі, оның ішінде киелі Шиелі ауданынан келіп тұрмыз, диқан атамыздың соңғы ұстаған кетпені мен қол орағын Ж.Қуанышбаев атындағы мұражайға сыйға тартамыз. Басқа да сый кәделер әкелдік» деп, Ыбырай атаның шапаны мен қолданған құралдарын ұсынды.
Жазылбек атамыз қазіргі Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылында 1896 жылы 29 наурызда дүниеге келген. Ата-анасынан жастай қалып, жетімдік зардабын көп көрген. Мойынқұм өңірінде алғашқылардың бірі болып ұйымдастырылған «Кеңес» ауыл шаруашылық артеліне мүшелікке кіріп, малшы болып еңбек етеді.
Бұдан кейін мерейтойға арнайы жасалынған естелік медальдармен бірқатар азаматтар марапатталды. Олардың қатарында еңбек ардагері, Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақаев, Шиелі аудандық мәслихатының хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, ҚР Еңбегі сіңірген қайраткері, әнші-сазгер, «Құрмет» орденінің иегері Әлмырза Ноғайбаев, «Алтын дән-Шиелі» ШҚ төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Асқар Бердібаев бар. Жиынға Шиеліден арнайы барған аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров құттықтау сөз сөйлеп, одан әрі Шиелі ауданынан келген қонақтар Ә.Ноғайбааев, Ә.Тәшімов, Н.Ақтаев, М.Бекпейсовтар «Күләнда», «Айнамау», «Әлқисса» әндерін ұлттық аспапта шарықтата орындады.
Ш.Тілеубай