Жарқын бейне
Биыл дала академигі, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы. Кең даланың қойнын құтқа толтырып, алтын дәнмен аты әлемге танылған даңқты күрішшінің әрбір ісі әлі күнге ұранға айналып келеді. Ы.Жақаевтың көзін көріп, ізіне ергендердің де еңбегі ескерусіз қалған емес.
Қазақта «...жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме? Осы орайда «Қызылту» колхозында ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың соңынан еріп, елді біріктіру, ынтымақтастыру, шаруашылықты көркейту жұмыстарын атқарып, елінің нағыз еріне айналған Әлиакбар Әбішев жайлы мағлұматты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Ол Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округінде 1917 жылы 15 наурызда дүниеге келген. 1939 жылы әскер қатарына қабылданып, жастық шағы өткен ғасырдың зұлмат кезеңдеріндегі Кеңес-Фин және 1941 жылғы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. 313 атқыштар полкінде болып, 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін, 1947 жылы Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі ретінде жараланып елге оралды.
Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен аласапыран заманда деп еске алады көзкөргендер сол жылдарды. Сонау колхоздастыру, одан кейінгі небір қиын-қыстау кезеңінде жан-жаққа кеткен бауырларының басын біріктіру, оларды елге әкеліп орналастыру жағдайында көптеген ауыртпалыққа қарамай тіл жәрдем, қол көмегін аямаған, елдің сол кездегі бас көтерер азаматтарының бірі – Әлиакбар ағамыз екенін көпшілік осы күнге дейін еске алып отырады.
Жалындаған жастық шағын сұрапыл соғыста өткерсе, одан кейінгі жылдары етін еңбекке өлтірген Ә.Әбішевтің өмір жолы еңбекке баулу сабағындай көрінеді. Ол 1952 жылы Шымкент қаласындағы колхоз председательдерін даярлайтын орта мектебінің «кіші агроном» бөлімін бітірген. Колхозда есепші, партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарған. 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы Қапланбек мал дәрігерлік техникумының екі айлық курсына барып білімін жетілдірген. Мал шаруашылығының бастығы, ауыл шаруашылық дәнді дақылдарының бригадирі болған.
Молшылықты, тоқшылықты қалаған Әлиакбар Әбішев қолына түскен дақылдарды жерге салып, өнім алуға тырысатын. Оның еккен көшеттері де тез көгеретін еді дейді көзін көргендер. Тіпті, ауылында отырғызған көшеттер алма бағына айналған. Бейнеттің зейнетіне жеткенше бел жазбай еңбек еткен соғыс ардагерінің маңдай тері еш кетпеген. Ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», І-ІІ Дәрежелі Отан соғысы және ІІІ Дәрежелі Даңқ орденімен, Жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен т.б. медальдарымен марапатталған.
Оқ пен оттың арасынан өтіп, еңбек майданында шыңдалған Әлиакбар Әбішев 1982 жылдың 15 қаңтарында дүниеден озды. Бірақ, соңында қалған ең жақсы игі істері, парасат-пайымы мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақтаулы.
Ерұлан ДАТКЕНОВ