Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ күріштен тау тұрғызған атамыз, барлық елге аты аңыз

Ақ күріштен тау тұрғызған атамыз, барлық елге аты аңыз


Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі. Бұл аты аңызға айналған атақты күрішші ­Ыбырай Жақаевтың өмірлік қағидасы.
Даңқты диқанның еcімін бала күнімізден жатқа білеміз. Ол туралы кезінде көп дүниелер жазылды. Бүгінде дән атасы Ы.Жақаевты аға буын жетік білгенімен, кейінгі жас ұрпақ біле бермейді. Бүгінгі буын еңбек адамын тану үшін оның еселі еңбегін, жеткен жетісітігін кеңінен дәріптеу қажет.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, ақ күріштен тау тұрғызған – Ы.Жақаевты қалай ұлықтасақ та жарасады. Еліміздің қай түкпіріне барсаңыз да Шиеліденмін десеңіз, алдымен Жақаев атамызды айтар еді. ­Расында, Ыбырай есімін әлемге әйгілеген жер мен дән, Сыр өңірі, Сыр күріші.
Даңғайыр диқан даңқы күріш өсірумен дүркіреді. 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген тәжірибе учаскесінің (5 га) әр гектарынан 172 центнер өнім алып, дүние­жүзілік рекорд жасады. 1949 жылы осы еңбегі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1971 жылы атамыз екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Мұндай атақты екі рет алғандар елімізде сирек. Сонымен қатар, қазыналы қария имандылық қасиетін ешқашан жоғалтпаған. Оны сол кезде мемлекет басқарған Дінмұхаммед Қонаев та ерекше қадірлеген. Қарапайым еңбек дарабозы есімінің әлемге танылуы, аудан мерейін асқақтатып қана қоймай, Сыр салысынан жоғары нәтиже көрсетті.
Биыл дала академигі Ы.Жақаевқа – 130 жыл. Осы орайда, даңғайыр диқанның мерейтойын атап өту жоспарланып отыр. Соған сәйкес, аудан әкімі Қ.Мүбараков сәрсенбі күні аудан әкімдігінде Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтың – 130 жылдығын атап өту жөнінде арнайы комиссия отырысын өткізді. Аталмыш отырысқа бірқатар мекеме басшылары, шаруашылық төрағалары, аудан ардагерлері және Ы.Жақаевтың ұлы С.Жақаев қатысты. Комиссия ­отыр­­ысында аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов Еңбек Ерінің құрметіне бірқатар шаралардың жоспарланып жатқандығын баяндады.
Мерейтой қарсаңында ауданда ересектер арасында ауыр атлетикадан турнир мен танымдық конференция, «Ақ күріштен тау тұрғызған Жақаев» атты республикалық ақындар айтысы өтетін болады. Мерейлі мереке қарсаңында Жақаев ауылында бірқатар инфрақұрылым жүйелері мен абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Сондай-ақ, жиын соңында аудан әкімі Қ.Мүбараков ақ күріштің атасы Ы.Жақаевтың құрметіне мерекелік сыйлықтар тарату мен мерейтой медалін шығару, шараға жауапты комиссия құрып, атқарылатын шаралардың жоспарын жасауды тапсырды.

Сымбат Серікқызы
14 мамыр 2021 ж. 676 0