Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАҚСАТЫ БІР ҚОС ДИҚАН

МАҚСАТЫ БІР ҚОС ДИҚАН

Тумысынан кеңпейіл, еңбекқор, шыдамды боп келетін кәріс ұлты мұнда келген соң, күріш егу ісімен айналысады. Олардың арасында асқан еңбек сүйгіштігімен көзге түскен, ізденгіш, күріш егуден алғашқы рекордшы, атақты Ким Ман Сам бар еді.
Ким Ман Сам 1883 жылы Ресейдің Қиыр Шығыс өлкесі яғни, Уссури уезінде туған. Қазақстанға қоныс аударған 1937-1960 жылдары Шиелі ауданы «Авангард» (қазіргі Ақмая ауылы) ұжымшарында өмір сүріп, еңбек етеді. Ким Ман Сам Қазақстанда күріштен рекордтық жоғары өнім алу жолындағы социалистік жарыстың көш бастаушысы болды. Ол мол өнім өсірудің жолдарын табандылықпен іздестірді: әртүрлі тұқымды сынап көрді, агротехниканы өзгертті, суару жүйелерін жетілдірді.
Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам замандас, дос, қызметтес болды. «Білмеген айып емес, білгісі келмеген айып», – дейтін Ыбырай диқан әр уақытта білмегенін талаптанып, басқалардан үйренуге тырысатын. Осындай нағыз ерге тән қасиеттерінің арқасында қос күрішші бәсекелеспей, бір-бірін құрметтеп, тәжірибе алмасып, биік межелерді бірге бағындырып отырған.
Ким Ман Сам 1944 және одан кейінгі жылдары тұрақты мол өнімге жетіп отыр­ды. Күріш шаруашылығында табысқа жетудің шешуші шарттарының бірі—шектерге суды дер кезінде және дұрыс толтыру, егісті дер кезінде арам шөптен арылту, минералды тыңайтқыштарды дұрыс қолдану осы сияқты толып жатқан агротехникалық шараларды жүзеге асырып, егістікті мұқият баптау керек екенін іс жүзінде дәлелдеді. Ол жауды жеңуге тек өзінің қажырлы еңбегімен зор үлес қосып қана қоймай, 1942 жылы «Қызылордалық колхозшы» атты танк колоннасын жасауға 105 мың сом өз қаржысын берді.
1941 жылы Ы.Жақаев бес гектар егін алқабының әр гектарынан 43 центнерден өнім алса, келесі 1942 жылғы өнім гектарына 84 центнер болды. Бұл жылы Ким Ман Сам 20 гектар күріштің әр гектарынан 160 центнер өнім жинап, алғашқы рекордты жасаған еді. Осындай жетістік сырын барша диқанның игілігіне айналдыру үшін ауданда қыста екі айлық күрішшілер оқуы ұйымдастырылып, онда Шиелі аудандық жер бөлімінің бас агрономы Әнес Алтынбеков, Ким Ман Сам және Ыбырай Жақаев сабақ береді. Бұл кейін жетпісінші жылдары ұйымдастырылған «Жақаевшылар мектебі» деп аталатын күрішшілердің республикалық озат тәжірибе мектебінің бастауы болатын.
Екі диқан бәсекелес емес, нағыз дос бола білді деп жоғарыда айтып өттік. Ким Ман Сам өзі мен Ыбырайды түйенің қос өркешіне теңеген екен. Қос диқан 1944 жылы алғашқы үкіметтік марапаттарын – «Еңбек Қызыл Ту» орденін алады. Ыбырайдың әр гектардан 1944 жылы – 110 центнер, 1945 жылы – 156 центнер, 1946 жылы – 160 центнер межеге жетіп, Ким Ман Самның 1942 жылғы орнатқан рекорд жетістігін қайталайды. 1946 жылы Жақаев пен Кимге КСРО мемлекеттік сыйлығы (ол кезде Сталиндік сыйлық деп аталған) беріледі. Сол сыйлық қаражатқа Ыбырай колхозына 5 трактор сатып әперсе, Ким Ман Сам ауылына клуб соқтырды. Қазір сол мәдениет үйі Ким ақсақалдың атында. Ол 1956 жылы өзінің туған өлкесіне қоныс аударды. Артында диқан даңқы қалды.
Биыл ақ күріштің атасы Ы.Жақаевтың 125 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілуде. Өзі құрған «Қызылту» колхозына Жақаев есімі берілді. Сондай-ақ, бір орта мектеп, орталық көше, Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері инс­титуты, облыстық емдеу-сауықтыру профилакторийі Ы.Жақаев есімімен аталады. 1982 жылдан бері күріш өсіру тарихы мұражайы тұрақты жұмыс жасап келеді.
Қазіргі кезде Ақмая ауылындағы Ким Ман Сам атындағы мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, өзі өмір сүрген ауылда атақты күрішші атына көше берілген. Ол көше толық жарықтандырылып, жолы асфальтталған. Елге өлшеусіз еңбек сіңірген қос диқанның артында өшпес із, сарқылмас мұра қалды. Ел үшін туып, тер төккен еңбек ерлерін Сыр елі ғана емес, бүкіл қазақ жұрты мәңгі құрметтейді.

Гүлхан ЯХИЯЕВА.
23 қараша 2017 ж. 2 944 0

Қоғам

Мен өмірді қалаймын!
07 қараша 2024 ж. 60

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930