Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » жаҚаевшылар

жаҚаевшылар

Сыр елінде, оның ішінде Ыбырай Жақаевтың туған ауылы Шиелі ауданының еңбеккерлері күріш егісінің көлемін көбейтіп, Сыр маржанынан шашу шашса, осы табыстың тай қазанын тасытушылардың қатарында Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары көп болды. Сонау соғыс жылдары күріштен мол өнім алудың бастаушысы болған Ыбырай ата 1964 жылдың ерте көктемінде 72 жасқа толған сәтінде бүкіл облыс жастарына хат жолдады. Міне, осы жылы “Қызылту” колхозының өзінде күрішшілердің басқосқан жалпы жиналысы болып, онда диқандар жақаевшылар қозғалысын қызу өрістету жөнінде шешімге келді. Бұл қозғалысқа қатысушылар күріш агротехникасын жетілдіре отырып, егіннен мол өнім алуға уәде берді.
Ыбырай ақсақал 1971 жылы 80 жасқа толып, онда айтулы ақын Асқар Тоқмағанбетов:
– ... Ыбырай ақсақал жырды өзінің құдіретті еңбегімен жазып жүрген ақындардың ағасы дер едім. Жер бетінде кетпенімен, өзінің құдіретті еңбегімен жыр жазған Ыбекең өзінің қазіргі ізбасарларымен Сыр бойы күрішшілерінің ұлы эпопеясын да жалғастырып барады, – деп еді. Қарт диқан облыс жастарына хат жолдап, еңбек эстафетасын қабылдап алуға шақырғанда, өзі диқандықтан қол үзбей, еңбек көрсеткішін жоғарылата
оты­рып, басқаларға өз тәжірибесін үйретіп, ақыл-кеңестерін беруге де уақыт тапты. Ыбырай ақсақалдың арнайы қолынан еңбек аттестатын алу жақаевшы жастар үшін зор құрмет болатын. Облыстың тұс-тұсынан келген жастар ақ күріштің атасының еңбек әдісімен жақын танысып, оны қолынан өздері қалап, таңдаған диқандық еңбекке жолдама алып жататын. Оны жастар диқан атаның ерен еңбекке меңзеген ақыл-кеңесіндей сезінуші еді.
Есімі елге аян атақты күрішшінің, ақылшы ұстаздың диқандыққа бел буған Сыр бойы жастарына ғибрат болар хатынан аз-кем үзінді келтірейін:
“Жас достар! Менің ұлдарым менен қыздарым”, Сыр елінің даңқын асқақ көтеріп, мерейін үстем етіп келе жатқан аса бағалы дақыл – күріш өсіру менің диқандық өмірімде үлкен орын алады. – Мен бұл дақылды қастерлеп-баптауды, гүлдей аялап өсіруді ұнатамын. Өйткені, мен мұны халқым алдындағы адамгершілік парызым деп білемін. Бүгін, жасым егде тартқан кезде, осындай бағалы дақылға деген шексіз қамқорлық пен ыстық ықыласымды білдіріп сендерге деген хатымды шын жүректен жолдап отырмын! – дей келіп ол өз хатында әрі қарай былай деп сыр шертеді. ...Бабын таба білсең, өрімдей өсіре білсең маржан дәнді бұл дақылдың мол өнім беретініне көзім кәміл жетті. “Егінші – мәрт, жер – жомарт” – деген. Сыр бойында күріш өсірумен Ким Ман Сам, Маман Қалдыбаев сияқты қадірлі адамдар шұғылданды. Заһира Ержанова, Қатира Мұқанова сияқты көптеген өрендер бұл күнде кейінгі жастарға үлгі-өнеге болып жүр. Есімдері облыс көлемінен асып, республикаға, одаққа әйгілі бола бастаған жас күрішшілер тобы бізді қатты қуантады. Сағынбай Әбдікәрімов, Асылбек Торғаев, Баян Құттыбаева, Кенішбай Алшыоразов, Дариға Сейтова, Қынабай Тоқбергенов сияқты жастардың аттарын мақтанышпен айтамыз. Ата жолын қуған жастардың орнымызды тайсалмай баса алатынына сенімдіміз.
... Менің жасым тоқсанға таяп қалды. Заңды демалысқа шығуға әбден болады. Бірақ, менің ел байлығын арттыруға әлі де болса үлес қосып жүргенімді мақтан етемін. Ұшан-теңіз даламның өткеніне қарап ойланамын, болашағына қарап қуанамын. Өйткені, дала да халық өмірімен егіз қатар түлеп, көркейіп келеді.
Адам өзін неғұрлым ел мүддесіне жақын сезінсе, ол солғұрлым игілікті істерге бейім болады, отан, туған ел алдында өзін жауапкер санайды. Әрбір ұлан мұны бала кезінен жадында ұстап өскені жөн. Ел мен жер – оның көгілдір орманы мен мөлдір көлдері, байтақ даласы мен асқақ таулары – біздің басты байлығымыз.
Бізді айнала табиғат қоршап тұр. Табиғат – анамыз, біз оның ұрпағымыз, біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан мол қазына. Міне, осы қазынаны аға буын өкілдері біз де осы дәуірдің жас жеткіншектері – сендер де, барлығымыз да көздің қарашығындай сақтап, ел игілігіне жұмсауымыз керек. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі. Ең алдымен жердің қадірін білейік. Барша байлықтардың анасы – Жер. Жерді күтіп баптай білу, оның қойнауынан қазба байлықтарын теріп ала білу, табиғат пен қоршаған ортаны түлетіп гүлдендіре беру өз қолымызда. Сендер табиғатты сүйіп, оны қастерлей білуге үйреткен ата-аналарыңа лайықты ізбасар болыңдар. Барша өмірдің табиғи негізі қоршаған ортаны қорғайық.
... Сендер – біздің болашағымызсыздар. “Шәкіртсіз – ұстаз тұл” дегендей, күріш өсіруші шеберлердің жыл асқан сайын көбейіп келе жатқандығы, біздің ізбасарларымыздың бар екендігі үлкен қуаныш.
Қымбатты жолдастар!
Сыр жері – күріш өсіруде дүниежүзілік рекордтық ту тіккен жері. Енді сол туды ешуақытта қолдан сусытпауға тиіспіз. Оны әрқашан жоғары ұстап, абыроймен алға апару – зор мәртебе. Күріш өсіруді қолға алыңдар, одан жоғары өнім алуды үйреніңдер. Ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін тәжірибемен ұштастырып, агротехникалық білімді жан-жақты меңгеріп, біз алмаған асуды алатын болыңдар, біз шықпаған биікке шығатын болыңдар. Еңбек эстафетасын біз сіздерге беріп отырмыз. Келешек рекорд иесі сендер боласыңдар. “Мен сендерді сол биіктен көргім келеді!” – деген хаты барлық ауылдарда талқыланып, жақаевшылар қатарының көбейіп, нығая түсуіне себепші болды.
Осы жылы “Коммунизм” колхозынан Б.Әбжаппаров, “Қазақстанның 30 жылдығы” совхозынан К.Абайділдаева, “Қызылту” колхозынан С.Бегалиев, “Авангард” совхозынан М.Цой, “Төңкеріс” колхозынан С.Әлиев сынды диқандар суырылып алға шығып, Шиелі күрішінің даңқын жалғастыруға берік байлам жасады.
Ыбырай Жақаевтың алғашқы шәкірттері атанған Социалистік Еңбек Ері З.Ержанова, “Төңкеріс” колхозынан “Ленин“ орденінің иегері Е.Дүйсеков, Р.Ахметова, “Коммунизм” колхозынан Социалистік Еңбек Ері Ш.Қазанбаева, “Қызылту” колхозынан Ш.Түменбаева, “Коммунизм” колхозының даңқты күрішшісі Батыр Ана, Социалистік Еңбек Ері Ұ.Алтайбаева, “Авангард” совхозынан Цой Магельс жас буын күрішшілердің нағыз ақылшы ұстаздары болды. Еңбекті жаңаша ұйымдастыру, жақаевшылар қозғалысының кеңінен өріс алуы жемісті нәтижесін берді. Ал, 1978 жылы астық үшін айқаста “Коммунизм” колхозындағы К.Әлімбетов және Ш.Мүсілімова басқарған күріш өсірушілер мол өнім алып, жақаевшылар қозғалысына тың жаңа леп әкелді. Жас маман Серғали Молдахметов басқаратын жастар звеносы 1979 жылы 140 га жерге күріш егіп, әр гектарынан 50 центнерден өнім алды. Жақаевшылар қозғалысы өріс алған 15 жыл ішінде төрт күрішші мен бір агроном Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, жүздеген диқандар орден-медальдармен марапатталды. Ыбырай атаның шәкірттерінің бірі, атақты күрішші, бүгінгі таңдағы ардагер, ақылшы-ұстаз Шырынкүл Қазанбаева омырауына Социалистік Еңбек Ері, Алтын Жұлдызы мен қос «Ленин» ордені және КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеті медалі жарқырайды.
Он үш бала тәрбиелеп өсірген Батыр Ана, Социалистік Еңбек Ері, Ыбекеңнің шәкірті Ұлбала Алтайбаева қарауындағы күріштің әр гектарынан 109 центнерден өнім өсіруге қол жеткізді. Осылардың озық үлгісін тірек тұтқан 44 күрішші бесжылдық тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындап шықты, 300-ге жуық жақаевшы бесжылдық тапсырмаларын дер кезінде жүзеге асыруды қамтамасыз етті.
Ауданның күрішші диқандары оныншы бесжылдықтың алғашқы жылын да табысты бастап, жемісті қорытындылады. «Ленин» орденді Ертіш Дүйсеков, Чегай Софья, мол өнімші диқан Әнтай Әбдікәрімов, Елеу Жұмабаев, Нысанбек Сандыбеков, Ли Александра және Шәкірбек Молдабеков тәрізді жақаевшы диқандар әр гектардан 60-90 центнерден өнім алып табыс көшін бастаушылар санынан табыла білді. Жақаевшылар осы жылдарда 300-ден асты.
Сол кездері жақаевшы жастар арасынан Ұлдар Дәуішова, Айнаш Балғабаева, Балдырған Мұстафаева, Сәлима Жұмабекова, Қазына Жүсіпова, т.б көптеген ізбасарлары елдің, халықтың абыройына бөленді, жақаевшылар Шәркүл Мүсілімова, Бағлан Әшірбеков, Берікқара Әбжаппаров, Күлімхан Байжігітова, Дариха Сейтова, Серікбай Тоймаханов, Зухра Сағындықова, Серікбай Бегалиев сынды күрішшілердің абыройы асқақтап, омырауларына орден тағылды. Жақаешылар өздерінің ғана емес ауданымыздың, облысымыздың абыройын асқақтата білді.

Алтай АЙЫП.
23 қараша 2017 ж. 1 779 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930