Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » бітімі бөлек Жан

бітімі бөлек Жан

Шиелі топырағы талай батыр мен ақынды, текті мен жомартты тудырған қасиетті мекен. Бұл өңірдің ұлағатты ұлдары ешқашан өзім болып, өзім толсам деп жұмыс жасамайды. Өйткені, олардың бойындағы бабадан дарыған қасиет пен атадан алған тәрбие бөлек.«Шын жомарт бергенін жасырар, текті ұл мерейіңді асырар» деген аталы сөз бар дана халқымызда. Аталы сөзге тоқтаған алты алаштың арда ұлы бұл тәмсілді ешқашан естен шығармақ емес. Сондықтан да болар Шиеліден шыққан «Атымдай жомарт» азаматтар өздері жасаған қайырымдылық атты абыройлы істі айналасына айта бермейді. Мүмкіндігінше онысын жасырып бағады. Бұл да болса қазақы менталитетімізге сіңген ұлттық ұяңдығымыздан болса керек. Иә, ауданымызда Шиелінің облыс, республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінуіне үлкен үлес қосып, қолынан келгенін аянып қалмай атсалысып жүрген азаматтарымыз жетерлік. Соның бірі ретінде өңірімізге белгілі кәсіпкер Бағлан Әшірбековты айтсақ әбден болады. Оқу-білімде озат атанып, жастайынан еңбек етіп, күріш өсірудің қыр-сырын меңгерген Бәкең бүгінде тынымсыз тірліктің арқасында облысқа танымал кәсіпкер атанып отыр. Қандай кәсіпті болсын ұршықтай иіре жөнелетін Бағлан Әміреұлы өз ісінің нағыз майталманы екенін дәлелдеп келеді. Қарт Қаратаудың бөктерінде туып-өсіп, ондағы данагөй ақсақалдардың батасын алған ағамыз бүгінде шама-шарқынша елдің батасы мен алғысына бөленіп келеді. Өзіндегі барды өзгемен бөлісіп, жоқ-жітіктен үнемі жәрдемін аямайтын кәсіпкердің басқасын айтпағанда соңғы жылдары аудан тұрғындары үшін жасаған жақсылықтарының өзі бір төбе. Соның бір парасы ретінде өзінің туған ауылы Еңбекшіде дәстүрлі шариғат ілімін үйрететін медресе, құдайы-ас беретін заманауи асхана салып бергені көпшілікті рухани серпілтіп, қарапайым халықты қуантып тастады. Өзіндегі барды өзгемен бөлісуді жөн санайтын азамат республикалық деңгейде ұйымдастырылған Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 120-125 жылдық мерейтойларына да демеушілік жасап, диқан ата атындағы күріш өсіру мұражайына өз қаражатымен демеушілік танытып, оның заманауи түрде бой көтеруіне септігін тигізгенін ауыз толтырып айтуға болады. Сондай-ақ, жыл сайын аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, «Мектепке жол» акциясы аясында кемтар, жетім балаларға демеушілік танытуды тасада қалдырған емес.
«Жақсылық жасауды жақыныңнан баста» деген пайғамбар хадисін жіті түсінген кәсіпкер өзі басқаратын шаруашылық қызметкерлеріне де бар жағдайды жасап келеді. Оны аталған шаруашылықта жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Байғозы Тұяқбаев есімді механизатордан естіп, біліп жатырмыз. Айтуынша, шаруашылық басшысы жылдағы әдеті бойынша егін орағы бітіп астық қамбаға түскен уақытта жұмысшыларына айлық табысынан бөлек күріш, ет, көкөніс өнімдерін үлестірсе, ал, үздік атанған еңбеккерлеріне жеңіл көліктің кілтін табыстау дәстүрін қалыптастырған. Бұл дәстүрлі үрдіс жастардың дала жұмыстарына, диқаншылыққа деген қызығушылығын арттырып, Шиелі топырағына түрен салынып, дала қосы Қызылорданың ақ алтыны атанған күріш дақылынан алынатын өнім көлемін еселеп жатыр.
Сонымен қатар, жыл сайын шаруашылықтағы әр жұмысшыны жаңа баспанамен қамту мәселесін де бір жолға қойғаны қуантады.
Айта берсе осы тектес жақсылықтары көп Бағлан Әміреұлы 2012 жылдан бері аудандық мәслихат депутаты болып сайланып, өзі сайланған округтердегі халықтың мұң-мұқтажын аудан басшылығына жеткізіп, күрмеуі қиын мәселелердің шешімін табуға сүбелі үлес қосып келеді.
Біз туған жерге ту тігіп, осындағы елдің өсіп-өнуіне өзіндік үлесін қосып жүрген Бағландай атпал азаматтың алдағы уақытта да жақсылықтың жаршысы болып жүре беретініне бек сенеміз.

Е.Айтөреұлы.
15 қараша 2017 ж. 1 650 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930