Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізденіс үстіндегі ғұмыр

Ізденіс үстіндегі ғұмыр

Шығармашылық адамдарының табиғаты қызық, бірде болмашыға балаша қуанып, енді бірде өз-өзінен дүние төңкеріліп кетердей қапаланып, маңайына көңілі толмай жүреді. Айналадағы жандар байқай бермейтін, көре тұра көкейлеріне түйе бермейтін мәселелердің арғы жағын айқын көргендіктен де творчестволық тұлға солай болса керек. Енді бірде ондай жандар тек өзінің ғана емес, өзгелердің де тарихы мен шежіресіне бойлай еніп, адамдарды өткенімен таныстырып, ата-баба рухымен табыстырып жүреді. Күш-жігеріне қоса өзінің тапқан-таянғанын да сол жолға сарп етіп, діттеген мақсатына жетеді.
Сондай бүкіл саналы ғұмырын ғалам тылсымын тануға, өзі түйсінгенін өзгеге үйретуге арнаған бір жан бар. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қызылдихан елді мекенінің тумасы, білікті тарихшы әрі этнолог, өнертанушы, саяхатшы, қаламы қарымды жазушы, белгілі журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі, қысқасы, «сегіз қырлы, бір сырлы» Өтеген Әбдіраман қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан елеулі тұлғалардың бірі.Қара шаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетінен толыққанды тәлім алған Өтеген Жексенбайұлы үздіксіз ізденіс пен толассыз еңбектің арқасында көптеген кітаптардың авторы атанды. Ол Сағадат Нұрмағанбетовтың 90 жылдығына арнап 755 беттен тұратын «Ұлт мақтанышы, гордость нации – Сағадат Нұрмағанбетов» атты жинақ шығарды. Оның бұл еңбегі атақты тұлғаның, жиырмаға толар-толмас шағында Совет Одағының батыры атанып, соны абыроймен 70 жыл бойы алып жүрген армия генералының, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорға­ныс министрінің өнегелі өміріне қойылған мәңгілік ескерткіш болатын. Қаламгер бұл еңбекке ұзақ жылдар бойғы үлкен дайындықпен келгені байқалады.
Ол «Қазақтың қара емдері», «Қазақ­тың халық медицинасы», «Қазақстан медицина тарихына қатысты маңызды деректер», «Самарқан қаласының әмірі Жалаңтөс Баһадүр», «Есабыз әулие», «Тәуелсіз Қазақстан теміржолдары», «Қыпшақ қайраткерлері», «Ұлы ел Үндістан әсерлері», «Қоқанның соңғы ханы қыпшақ Әмірләшкер» атты еңбектерінде қазақ әдебиетінде бұрын-соңды көтерілмеген тың тақырыптарды қозғап, әдебиет пен тарихтың ара-жігіндегі мәселелерді суреттеуде жаңа леп, тың өріс әкелді. Туындылардың аттары айтып тұрғандай, сантүрлі тақырыптарды қозғайтын бұл еңбектер тосындығымен, әралуандығымен ерекшеленеді. Табиғат тылсымынан талғамын тапқан, тазалыққа жаны құмар жазушы шығармаларының басым бөлігі тарихи оқиғаларға негізделген. Қаламгер шығармашылық жолда өнімді еңбек етудің үлгі-өнегесін көрсетіп, өрнегі бөлек шығармаларды жазудың хас шебері атанды.
Өзгеше ізі, өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті жазушы мөлдір де көр­кем, тарихи танымға құрылған оннан астам кітабын халыққа ұсынды. Жалпақ жұртшылыққа шабытты шығар­машылығымен танылған қаламгер халық арасында құнды туындылармен белгілі.
Сонымен қатар, әдебиет саласынан бөлек, қазақ халқының ғылыми медицинасын зерттеген бірден-бір тұлға екенін біреу білсе, біреу білмейді. Оның бұл салада көптеген зерттемелік тарихи құнды еңбектері бар. Жоғарыда аталғандармен қоса, «Қазақтың дәстүрлі емшілігі», «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері», «Қазақстан шипажайлары» атты еңбектері соның жарқын дәлелі. Өтеген Жексенбайұлының ендігі бір қасиеті – қоғамдық белсенділігі. Ол әрдайым тарихи әділеттіліктің орнауына еңбек етіп жүрген сирек жандардың бірі. Бүгінгі таңда халықаралық деңгейге көтерілген С.Нұрмағанбетов атындағы қор жұмысын ұйымдастыруға тікелей атсалысып, оның қанат жаюына аянбай қызмет етті. Өзінің туған өңірі Шиеліде Есабыз атты көшенің пайда болуы, Алматыда З.Шашкинге көше берілуі сынды сауапты істердің басында осы Өтекең жүрді. Арқа өңірінде Павлодар облысы, Ертіс ауданы аумағындағы айналасын су басқан, егістік далада қараусыз қалған әйгілі қыпшақ Таймас әулиенің басына кесене тұрғызып, рухына ас беруіне себепші болған жандардың бірі. Тізе берсек мұндай қоғам үшін, елдің ертеңі жолында жасаған сауапты тірліктері аса мол.
Жаңалыққа жаны құмар Ө.Әбдіраман 1986 жылы Ташкентте Ибн-Синаның мыңжылдық тойында «Қазақтың халық медицинасының ғылыми медицинамен байланысы», 1994 жылы Түркияның Қайсері қаласында өткен халықаралық конгресте «Қазақтың медицинасы – түркітілдес халықтардың ежелгі білімдерінің бірі» атты ғылыми баяндамалар жасайды. Осылайша зерделі зерттеулері мен тың ізденістерінің арқасында ғылыми ортаның назарын аударып, ғылымға өзіндік үлесін қосты.
Өтеген Жексенбайұлы жары Нұрила апаймен бірге әлемнің түкпір-түкпірінде болып, біраз жолсапар очерктерін де жазды. Түрлі тақырыптарда қалам тербеген Өтеген Жексенбайұлының құнды мақалалары бірқатар басылымдарда жарық көріп, оқырмандарының көзайымына айналды. Өтеген Жексенбайұлы өзінің бір естелігінде «Бала кезімде Қ.Әбдіқадыровтың жанында болып, оның сарқытын ішкенмін. Мені жазушы еткен Есабыз әулиенің қасиеті мен сол Қалмақан» деп тебіреніп отырады.
Ата-баба қанымен дарыған да­рын­дылық, «1001 түннің» 4 томын аударып, қазақ оқырманын әлем­­дік әдебиеттің үздік үлгісімен таныс­тырған белгілі қаламгер Қалмақан Әбдіқадыровтың тәлімді тәрбиесі Өтеген Жексенбайұлының шығармашыл тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал етті.
Рухани сергек, елге болсын деген асыл мұратпен жүретін Өтеген Жексенбайұлы жазушылығынан бөлек, дархан да ақкөңіл мінезімен, қарапайымдылығымен халықтың ыстық ықыласына, риясыз ризашылығына бөленген жан.
Жетпістің мерейлі белесіне келсе де, ағамыздың әлі де санасы тұнық, қимылы ширақ. Болмыс бітімі бекзат, жаңалыққа жаны құмар жаннан біз әлі де тың туындылар, толымды дүниелер күтеміз.

Мамай АХЕТ,
филология ғылымдарының кандидаты.
15 қараша 2017 ж. 2 093 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031