Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ы.Жақаев салған ізбенен...

Ы.Жақаев салған ізбенен...


Дала академигі Ыбырай Жақаевтың биыл 130 жылдық мерейтойы. Бұл есім Шиелінің, күллі Сыр өңірінің келбеті, таныстырар төлқұжаты десек, артық айтқандық болмас. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да Шиеліденмін десең, алдымен Ыбырайды ауызға алады. Бұл басқа да Шиелі шынарларын ел білмегендіктен, не олардың атақ-даңқы кем жайылғандықтан емес. ­Ыбырай есімі оның туған жерінің атауымен үнемі бірге аталатындығынан болса керек. Ыбырай құдіретін әлемге әйгілеген жер мен дән, Сыр жері, Сыр күріші. «Социалистік Еңбек Ері» Ы.Жақаев жайында сөз қозғауымыз бекер емес. Көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз күні Ы.Жақаев ауылындағы Еңбек Ерінің көзін көріп, ізбасарына айналған аналарды құттықтау үшін Қазақстан Іскер Әйелдер қауымдастығының Шиелі аудандық төрайымы Айткүл Әбдіқадырова мен аудандық «Аналар» кеңесінің төрайымы Патима Маханбет арнайылап барды.
Дала төсінде бел жазбай еңбек етіп, ризығын жерден жиған аналарды мереке күні қуанту үшін Ы.Жақаев ауылдық клубында іс-шара өтті. Кешке білім саласының ардегері, «Асыл әже» ансамблінің жетекшісі Пернеш Жүсіпова, Ы.Жақаев ауылының әкімі қызметін атқарған Әтіркүл Шорабаева, ардагер ұстаз Мәриям Омарова, үздік сауыншы, аудандық кеңестің депутаты болған, дәл осы күні 69 көктемін қарсы алған Назира Мұсаева, сауыншы Тыным Әбенова, күрішші Шәркүл Мүслимова, Хайырша Ормағанбетова, егін және мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан Ханшайым Бимырзаева сынды ақ жаулықты аналар өмір жолындағы өнегелерімен бөлісіп, Ы.Жақаев жайлы естеліктермен бөлісті. Сонымен қатар жас та болса көп іске ұйытқы болып, кәсібін дөңгелетіп жүрген іскер келіншек Анар Ерімбетова мен Ләззат да мерекелік лебіздерін білдірді. Шара соңында нәзік жандыларға Қазақстан Іскер Әйелдер қауымдастығының Шиелі аудандық төрайымы Айткүл Әбдіқадырова мен аудандық «Аналар» кеңесінің төрайымы Патима Маханбет сыйлықтарын ұсынып, ілтипатын білдірді.
Дән атасына құрмет көрсетіп, еске алған ақ жаулықтылар арнайы Ы.Жақаев саябағына барып, Құраннан дұға бағыштады. Ал 21 жылдан бері Ы.Жақаев клубында мәдени қызметкер болып жұмыс істеп келе жатқан М.Айымқұлов аналардың қолымен 15 түп жеміс ағашын отырғызуды ұйымдастырды. Саябаққа бұған дейін 130 түп түрлі жеміс ағаштарын отырғызған ол, жерді қопсытып, топырағын жаңартып дән атасына арналған баққа өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді.

Гүлнәр Әбдіханиқызы
09 наурыз 2021 ж. 1 125 0