Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ жадындағы Жақаев

Ұрпақ жадындағы Жақаев

ШИЕЛІЛІКТЕР АҚ АЛТЫНҒА БАЛАНҒАН АҚ КҮРІШТІ, КҮРІШ ДЕСЕ СӨЗСІЗ ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВТЫ ЕСКЕ АЛАДЫ. ОСЫ ОРАЙДА ДАҢҚТЫ ДИҚАН, ДАЛА АКАДЕМИГІ, ЕКІ МӘРТЕ ЕҢБЕК ЕРІ АТАНЫП, ТУҒАН ЖЕРІН ЖАЙҚАЛТЫП КҮРІШТЕН ГҮЛ ЕККЕН, МОЛ ӨНІМ АЛЫП, РЕКОРДТАРДЫҢ КӨШІН БАСТАҒАН ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВТЫҢ БЕЙНЕСІ ҰРПАҚ ЖАДЫНДА МӘҢГІ САҚТАЛАРЫ АНЫҚ.
Белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов «Сыр сұлуы» әнінде өңірдің өзгеге бергісіз маржандай ақ күрішін жайқалған әсем аруға қалай теңеген десеңші? Құрақты жері, қыратты тауы, нулы орманы болмаса да, қасиетті де, қастерлі туған жердің табиғаты көркем ғой, шіркін. Сыр өңірі десе, алдымен оның ақ күріші еске түсері хақ. Иә, расында аймақ үшін бұл дақылдың орны бөлек. «Жеріне қарай, егін ек, жолына қарай жегін жек» демекші, біздің өңір климаттық жағдайы құбылмалы, суармалы егіншілікке бейімделген. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде бізге сай келетін – күріш. Бір кездері «Сыр еліне не егуге болады?» деген ой туындапты. Сол уақытта бидай дақылын еккісі келген жандар да табылған екен. Сонда ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев өңірдің табиғи ерекшелігін байқап, «Бұл жер сұр топырақ, сондықтан күріштен қолайлы дақыл жоқ» деп кесіп айтқан деседі. Содан бері елімізді ақ маржан астықпен қамтамасыз етіп отырған Сыр жұртшылығы жайқалған егіннен мол несібе тапты, берекелі тіршіліктің қазынасын тасытты.
Ыбырай Жақаев – дала академигі. Бұл есім Шиелінің, күллі Сыр өңірінің келбеті, таныстырар төлқұжаты десек, артық айтқандық болмас.
Ел тарихында екі дүркін Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, үш рет Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, диқан Ыбырай Жақаевтың алар орны осылай анықталса керек. Кетпенін күнге сүйдіріп, жүзін күнге күйдірген диқан атыз жағалай жүріп, күріш өсірудің қыр-сырына қанықты. Оны тек өзі біліп қана қойған жоқ. Шиелі халқын күріштен мол өнім жинауға шақырды. Білгенін айтты, үйретті, кейінгі ұрпаққа жазып қалдырды.
«Жақсы адам күннің жарығы сияқты бүкіл адамзатқа ортақ қазына, ортақ құндылық. Жақсы адам – ортамызда ағып жатқан дария-өзен. Оның суы дария-өзен бойын мекендеген бүкіл халықтың, жан-жануардың, өсімдік әлемінің қуат көзі, өзегі, нәрі, тіршілігі, өмірі. Ол ешкімді де, ешнәрсені де таңдамайды, талғамайды, алаламайды, аға береді. Жақсы ма, жаман ба, адал ма, арам ба, пайдалы ма, зиянды ма, зұлым ба, жыртқыш па, арамшөп пе, бәрібір емізе береді. Оның парызы, қарызы, табиғи, тарихи міндеті, тағдырдан алған тапсырмасы осындай. Жақаев та сол санаулы, таңбалы, танымал жақсылардың бірі. Егер Жақаевты жақсы білсеңіз, терең түсінсеңіз, қадіріне жетсеңіз, сыйласаңыз, жақсы көрсеңіз, сіздің де «менің Жақаевым» деуіңізге болады. Жақаевтың шапағаты, жақсылығы, қадір-қасиеті, еңбек сүйгіштігі, өмірі, өнегесі, үлгісі, ұлағаты бәрімізге де жетеді» – деп жазады С.Шаухаманов ағамыз «Егемен Қазақстан» газетіне. Еңбекке етін өлтіріп, егіс даласында жүріп-ақ әлемдік рекордты орнатқан қарапайым еңбек адамының үлгі-өнегесі біздерге осылай жетті. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жерге еңбегі сіңген еңбек адамдарының есімін жаңғыртып, жаһандану дәуірімен бірге жандандырып отыруымыз қажет екендігін айтқан болатын. Ел мен жерге еңбегі сіңген Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары, ұрпақтары оның есімін ешқашан ұмытпасы хақ!

Дінмұхамбет Жақаев,
Шиелі аудандық
тарихи-өлкетану
музейінің қор сақтаушысы

02 желтоқсан 2020 ж. 864 0