Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғабастағы алтын күз

Алғабастағы алтын күз

Алтын күздің нағыз берекелі шағы – егін жинау науқаны. Сыр еңбеккерлері сындарлы шақты тағы да абыроймен аяқтап шықты. Бүгінге дейін егістік даласында қызу тірлікке жауапты адамдардың бәрі бос болмады. Себебі олардың әрқайсысы күрішті тез жинап алуды мақсат тұтты. Еселі еңбектің нәтижесінде қамба сары алтынға толды. Сыр өңірі соңғы бес жылда күріштен рекордтық өнім алып келеді. Бұл көрсеткіште ақ күріштен тау тұрғызған шиелілік еңбеккерлердің үлесі зор. Осындай еңбектің ерен үлгісін танытқан диқандар қатарында Асхат Ермаханов басқарған «Жер-Жомарт Д» шаруа қожалығы да бар.
Күздің адам баласына берер ризығы мол. Бұл – шаруаның ала жаздайғы тынымсыз тірлігі сараланып, қамбамызды астыққа толтырып, «қыр астында қылышын сүйретіп қыс келеді» деп етек-жеңді жинайтын мезгіл. Халқымыз «балапанды күзде санайды» деп бекер айтпаса керек-ті. Диқандар егінін орып, бақшашылар еккен жеміс-жидектерін жинап, малшылар малдарын семіртіп, молшылыққа кенелуде. Айналаны алтын түске көмкерген күзгі салтанатта Алғабас ауылының диқандары еселі еңбектің еш кетпегеніне куә болды. Биыл Алғабас ауылындағы шаруа қожалығының еңбеккерлеріне арналған «Алтын күз – 2020» мерекесі жаңаша сипатта аталып өтті. Неге десеңіз, егін даласында тынбай еңбек еткен бірқатар үздіктер марапат төрінен көрінді.
Өз жұмысын 2013 жылдан бастаған шаруа қожалығы небәрі бірнеше жылдың ішінде ауыл халқының ырысын арттыруға үлес қосып келеді. «Жер-Жомарт Д» мекемесінің директоры Асхат Ермаханов:
– Шаруашылықта 20 диқан еңбек етеді. Алқапқа дән сеуіп, оны өсіріп-баптап, қамбаға құюда әрқайсысының еңбегі ұшан-теңіз. Биыл 300 гектар жерге күріш, 40 гектар жерге бақша дақылдарын еккен болатынбыз. Нәтиже жаман емес, орта есеппен күріштің әр гектарынан 80,5 центнерден өнім алынды. Бұл жомарт жердің диқандардың маңдай теріне берген несібесі. Шүкір, жиын-терім науқаны аяқталып, астықты аман-есен қамбаға құйдық. Осы орайда еңбеккерлерге адал еңбегінің марапаты ретінде қомақты қаржылай сыйақылар табысталады, – деді күзгі салтанаттың ашылуында.
Думанды мереке барысында 76,3 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 80 центнерден өнім алған жылдың озат сушысы Төлес Әлішевке жеңіл автокөліктің кілтін табыстады. Одан бөлек ала жаздай алқапта аянбай еңбек етіп, астық мол болуына үлес қосқан еңбеккерлер А.Раев, С.Ахметов, І.Сұлтанов, механизаторлар Б.Жүсіпбеков, Ә.Лепесов 300-500 мың теңге аралығындағы ақшалай сыйақыға ие болды. Ұжымның өзге қызметкерлері де марапатталды. Диқан қауым мен ауыл тұрғындары еселі еңбектері еленіп, сый-сияпатқа кенелгендеріне дән риза.
«Күздің адам баласына берер ризығы мол. Бұл – шаруаның ала жаздайғы тынымсыз тірлігі сараланып, қамбамызды астыққа толтырып, «қыр астында қылышын сүйретіп қыс келеді» деп етек-жеңді жинайтын мезгіл. Халқымыз «балапанды күзде санайды» деп бекер айтпаса керек-ті. Дихандар егінін орып, бақшашылар еккен жеміс-жидектерін жинап, малшылар малдарын семіртіп, молшылыққа кенелуде.
Кең даланың төсіне еккен «Лидер», «Ақ маржан» сынды күріш сортынан биыл да рекордтық көрсетішке қол жеткізген еңбеккерлердің салтанатты шарада еңсесі тік, абыройы биік болды. Әлемдік рекордтың көшін бастаған Ы.Жақаев шиелілік диқандардың абыройын асқақтатып кеткен даңқты дала аакадемигі. Бұл күнде сол биіктіктен түспеген «Жер-Жомарт Д» шаруа қожалығының да жұмысы жүйелі, еңбегі еселі. Күріштен бөлек жомарт жердің қойнына тастаған 80 гектар бидай, 30гектар мақсары, 80 гектар жоңышқасы да бар.
Алғабастың төріндегі салтанатты шара соңында жүзін күнге күйдіріп, кетпенін күнге сүйдірген еңбеккерлерге алғыс айтылып, келер жылға толағай табыс тіленді. Әннен шашу шашылып, жиылған жұрт қуанышпен тарқасты.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
03 қараша 2020 ж. 589 0