Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дара дихан

Дара дихан


Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылы «кәсіпкерлік – ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін шағын және орта кәсіпкерлік саласы, өйткені, кәсіпкерлік кең етек алса, өндіріс өркендейді. Ал, өндіріс дамымаса, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халық жұмыспен қамтылатыны анық. Бұл тұрғыда соны серпілістерге толы Шиелі ауданында жарқын жетістіктер мол. Оған дәлел ретінде, күріштен рекордтық өнім алып, қырманды алтын дәнге толтырған дала диқандарының соңғы екі жылда бағындырған белестерін айтсақ болады. Кәсіпкерлікке ден қойып, ауданымыздың даму жолында өзінің айшықты үлесін қосқан Иіркөл ауылындағы «Ержанова» шаруа қожалығын айтсақ болады.
Иіркөл ауылы – Ыбырай Жақаев кетпенінің ізі қалған қасиетті мекен. Еңсесін еңбекпен тіктеген халқымызда «Егінші – мәрт, жер – жомарт» деген ұғым бар. Осы бір ауыз аталы сөзді бек ұстанған «Ержанова» шаруа қожалығы жыл сайын күріштен мол өнім жинауда.
Даладағы еңбек дүбірінде алдына жан салмаған шаруашылықты есімі елге белгілі Социалистік Еңбек Ері Закира Ержанованың немересі Ержан Жалғасбек басқарады. Ауыл шаруашылығының білгір маманы, күріш егудің шебері болған Ақылбек ақсақал ұлы Жалғасбекке егін егудің қыр-сырын үйретіп, шаруашылықтың тізгінін қолына ұстатқан. «Әке көрген оқ жонар» демекші, адал еңбекпен тағылымды тәрбие көріп өскен Жалғасбек тек қожалықтың күйін күйттеп қана қоймай, ауыл тірлігінің ілгері басуына үнемі қол ұшын беріп келеді.
Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, осы мау­сымда шаруашылықта барлығы 10 адам еңбек еткен. Аталған шаруашылықта ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан звеновод Нұрғали Сыздықұлы биыл күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім жинапты.
– «Жасыратыны жоқ, алғашқы кездері өте қиын болды. Біздің егістіктің басына су келмей, қалың жиде қаптап өсіп кеткен болатын. Сол жерді тегістеп, томарларды шығарып, көп еңбек етуге тура келді. Тындырымды диқан болу үшін жұмысқа ыждаһаттылықпен кірісу керек, ал, күрішші болу үшін екі есе ынта қажет демекші, алғашқы жұмысымыз сол жерді қалпына келтіру болды. Бар байлықтың анасы – Жер. Әбден тозығы жеткен жерді құнарландыру үшін біраз тер төктік. Күріш жылуды, ылғалды, құнарлы топырақты қажет етеді. Тұқым егілген соң, суын жібереміз. Қарасын басқаннан кейін қырық күнге дейін нәрестедей мәпелейміз. 90-110 күн аралығында суда жатады. Одан соң суын құрғатып, ораққа дайындаймыз. Жай сөзбен айту оңай. Бастапқы да қиналғаным рас. Жер-ана өзі тәрбиеледі. Қазір шүкір дейміз. Еңбектің арқасында бәрі қалпына келді. Не нәрсеге де төзім, қанағатшылдық керек. Сонда ғана бастаған ісіңнен нақты нәтиже шығады. Алла өзінің берер ризығын тауыспасын», – дейді Нұрғали аға. Қазіргі күні қырманда қызу еңбек жүріп жатыр. Қырманшылар жиналған дәнді ұшырып, тазалап, қоймаларға кіргізу үстінде. Былтыр әр гектарынан 60 центнерден өнім алғанбыз. Биыл да сол жоспарды орындауға жұмыс жасап жатырмыз, – дейді еңбек адамы. Еңбектің қадірін білетін азамат ел игілігі жолында әлі талай шаруа тындырары анық.  
Ауылына еңбегі сіңген осындай азаматтар біздің өңірде, құдайға шүкір, баршылық. Кездескен қиындықтарға қарамай, елдің жағдайын жақсартуда талмай еңбек еткен қожалықта жұмыс жасайтын азаматтардың барлығы жергілікті ауыл тұрғындары. Олардың алдағы мақсаттары ақкүріштен тау тұрғызған атамыздың ауылын одан әрі гүлдендіріп, егістік алқабын кеңейтіп, егіннен алынған өнімнің сапасын арттыру. Біз де берекелі істің жалғасын табуына тілектестігімізді білдіріп, жұмыстарына толағай табыс берсін демекпіз.

Айнұр НАЗАРОВА.
16 қазан 2018 ж. 940 0