Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еленген Ержанов

Еңбегі еленген Ержанов

«Еңбек– бәрін де жеңбек» расымен де, қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. Елбасы Н.Назарбаев «Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан, біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті жолға қоюға тиіспіз» деген болатын. Демек, қарапайым еңбек адамдары кез-келген қиыншылықтан өз еңбегінің арқасында ғана еңсере алатыны сөзсіз.
Жақаев ауылында дүниеге келген Ақылбек Ержанов 70 жасқа келсе де бар ғұмырын ауылшаруашылық саласына арнап, сүйікті ісінен бір елі ажыраған емес. Орта мектепті бітірісімен, ауылда колхозшы болып жұмыс істеген 1970 жылдан бастап, анасы батыр Заһира
Ержанова зейнеткерлікке шыққан соң анасының жолымен ауылда күріштен звено жетекшісі болып жұмыс жасайды. Ал, 1995 жылы «Ержанова» шаруа қожалығын құрып, жылына 700 гектардай күріш егіп отырған еңбек адамы. Осынау еңбек иесі 5 шаруа қожалықты біріктіріп, 125 адамды жұмыспен қамтып, қазіргі таңда күріштен мол өнім алып отыр.
Еселі еңбек қашан да еленеді, екшеленеді. Лайықты құрмет те көреді. Әңгіменің басынан-ақ нені меңзегенімізді ұққан да боларсыздар. Агроөнеркәсіп саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізіп келген А.Ержанов «Елеулі еңбегі үшін» агроөнеркәсіп саласының медалімен марапатталды. Сонымен қатар, «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Агроөнеркәсіп» саласында еселі еңбек етіп, сапасын арттыру жолында көп жылдан бері жас жеткіншектерді тәрбиелеуде қызметтік міндеттерді абыроймен атқарғаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

Жұлдызай Қауғанбаева.
27 маусым 2018 ж. 1 607 0