Адамның өз еңбегі – өзіне балдай тәтті
Өмір бойы құмырсқадай қыбырлап еңбек еткен адам басқа жандардың қасында ерекшеленіп көзге ілігіп тұратыны бар. Себебі, қарапайым адам мен еңбек адамының өмірге деген көзқарастары екі арнаға бөлінеді. жеке басының емес, жұрттың қамын ойлайтын азаматтар ауданымызда баршылық. Олар байлықты көздеген жоқ, армандап қыдыруды да ойламады. 24 сағатының басым бөлігін егістік алқабында өткізіп, Отанының қамбасын толтыру жолында тер төкті. Сондай азаматтардың қатарында Иіркөл ауылдық округіне қарасты Ы.Жақаев ауылының тұрғыны Рысбай Мәуленов те бар.
Техника тілін бес саусағындай меңгеріп, ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Рекеңді әңгімеге тартуға тырыстық. Бірақ, құр сөзден гөрі еңбек еткенді жақсы көретін көкеміз өзінің өмір жолына қысқа ғана тоқталып, еңбек майданындағы сәттермен бөлісті. Механизатор өзінің атқарған жұмыстары жайлы айта келіп: «Еңбексіз адам өмірдің барлық құнынан және барлық қасиетінен айырылады. Адамның өз еңбегі – балдай тәтті. Өзінің жасаған жұмысыңның жемісін көрген сәттен бақытты шақ жоқ шығар жалғанда», – деді көне көз ақсақал.
Рысбай аға 1947 жылы «Қызылту» колхозында дүниеге келген. Бұл бес жыл бойы қара бұлттай түнерген Ұлы Отан соғысы аяқталғанымен, кей үйлерден шыққан жылаған, ащы, зарлы дауыстардың созыла келіп тоқтаған, сарбаздардың кеше ғана қолындағы қаруын кетпен, күрекке айырбастаған кезі болатын. Ол 1965 жылы Шиелідегі №45 Октябрьдің XIV жылдығы атындағы қазақ орта мектебін бітірген. Отан алдындағы азаматтық борышын өтегеннен кейін 1970 жылдан бастап «Қызылту» колхозында механизатор болып жұмыс жасайды. Күріш орағы басталғанда, комбайнымен күріштіктің шетіне келіп, мотовиласын көтеріп, атызға түседі. Штурвалға отырған ол масақ қалдырмай орады. Ол кезде күндіз-түні жұмыс қызу жүретін. Мерекеде де демалыс болмайтын. Астық тасыған машиналар комбайннан қырманға, қырманнан егіс даласына үзіліссіз жүріп жататын. Еңбегі бағаланып, 1972 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленді. 1975 жылдан 1980 жылға дейін тоғызыншы сайланған Қазақ ССР-інің Жоғарғы Советінің депутаты болды. 1980 жылы «Ленин» орденін алды.
Рекеңнің бұдан өзге де жетістігі жетерлік. Ол жетістіктері Ы.Жақаев ауылындағы және мектебіндегі музейлерден табуымызға болады. Рысбай аға 1973 жылы Гүлшат Беласарқызымен танысып шаңырақ көтереді. Екеуі 2 ұл мен 5 қызды дүниеге алып келіп, жетілдірді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ұл-қыздары бүгінгі таңда түрлі салада еңбек етіп келді. Немерелерінің қызығын көріп отырып: «Балдарыма тапқандарың әрдайым адалынан болсын» деп айтып отырамын дейді ата-әжесі. Себебі, дүниеде өз қолыңмен, маңдай теріңмен тапқан наннан артық тәтті тағам жоқ екенін бірі білсе, бірі біле бермейтіні анық.
Ағамыздың айтары көп. Десе де уақыт тапшы болып, амалсыздан ардагердің шаңырағынан шықтық. Әңгімеден рухани ләззат алып, өткенге оралғандай кейіпке ендік.
Ерұлан БАЛТАБАЙҰЛЫ.