Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шыбық шаншысаң, шынар шығады

Шыбық шаншысаң, шынар шығады


Еңбектің адамы. Еңсесін тік ұстап, нық басқан қадамынан-ақ қарттыққа оңай беріле салатын жан емес екендігін аңғардық. Қолынан тарам-тарам өрілген тамырлары кәрі ағаштың жер бетіне шыққан тамырындай анық байқалады. Кешегі кетпен ұстаған қазақтың қара домалақ баласынан қазыналы қариясына айналған, аузында бәтуасы бар Ақмая ауылындағы ақсақалдардың бірі –
Мұрат Пауадинов.
1939 жылы ызғарлы қыстың ызғырығында дүниеге келген Мұрат Пауадинов Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының тумасы. Жас кезінен еңбекқор атанып, қолына тиген дүниеге жан бітіретін ерекше қасиеті еңбектің нанын жеуге үйретеді. Таудай талабы мен талпынысы 1955 жылы арман қуып, Кентау қаласына оқуға түсуіне сеп болады. Ол жерден «Арматурщик» мамандығын жетік меңгеріп шығады. Оқуын аяқтап, арнайы құжатымен аз ғана жұмыс жасайды. Осы арада әскерге шақырту келіп, 1959 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Жігіттің нағыз шыңдалатын шағы да осы кез. Міндетін абыройлы атқарған азамат 1961 жылы «Ақмая» ауылына қоныс аударады. Осы жерде отау көтеріп, отбасын құрады.
Алғашқы еңбек жолын 1962 жылы қазіргі «Ақмая» шаруа қожалығында механизатор болып бастайды. Қара күштің иесі қара жұмыстан қашқан емес. Өзіне жүктелген кез келген жұмысты ынты-шынтысымен істеп, білмегенін айналасындағылардан сұрай жүреді. Көрген, білгенін іске асыруға ынтығатын алғырлығы түрлі істің басын қайыруға жәрдем береді. Тек механизатор емес, күрішке сушы да болады. Қолдан келмейді деп қорқуды білмейтін еңбек ардагері трактордың тізгінін ұстап, жүргізуші болған сәттерін сүйсіне айтып берді. Сонымен қатар, зейнет жасына жеткенше жүгері өсіретін бригаданың бригадирі болып қызмет жасайды.
«Шыбық ексең, шынар шығатындай Шиелінің жері құнарлы ғой. Суы да бар. Жомарт жердің бабын білсең байлықтың көзін табасың. Бастысы, қажыр-қайратың мен күш-жігеріңді салып, ықыласпен іс жасау» – дейді атамыз. Әрине, көпті көрген жанның ақыл кеңесі артық етпейді. Өмірін дән егумен өткізіп, халқына дәм татқызған ақсақалдың еңбегі еленіп, «Еңбек даңқы» орденін иеленеді. Сондай-ақ, төсіне жарқыратып «Еңбек ардагері» медалін тағады. Еңбегінің жемісін айғақтайтын көптеген марапаттары да баршылық.
1994 жылы бейнеттің зейнетіне шыққан Мұрат Пауа­динов «Ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы» қызметін 17 жыл атқарады. Ақмая ауылының үлкені ретінде алқалы топта сөз бастап, жақсы істің жанынан табылып жүрді. Сан қырынан көрініп, тіпті клуб меңгерушісі болып та жұмыс жасағанын әңгіме арасында айтып өтті.
Бүгінде үлкен бір шаңырақтың тірегіне айналып отырған Мұрат ақсақалдан 3 ұл, 3 қыз өрбіген. 25 немересін кең құшағына қысып, еңбекке баулып, аталық тәрбиесін беруде. 80-ге жақындаған қарияның қарулы қолы, өткір жанары әлі де іс тындыруға жарап тұр. Ел алдында көш бастап, батасын берер ардагер ақсақалдардың қатары сиремей, дәйім үлгі-өнегесін көрсетіп жүруге жазсын деп ой түйдік. Осылайша, еңбек ардагеріне амандық, саулық тілеп үйімізге қарай жол тарттық.

Гүлнәр Дүйсебай.
16 қаңтар 2018 ж. 1 404 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031