Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰРҒЫНДАРҒА ТАМАША ТАРТУ

ТҰРҒЫНДАРҒА ТАМАША ТАРТУ

Биыл Республика күні – ақмаялықтар үшін ерекше есте қаларлық қуаныш пен жаңарудың символына айналды. Күздің шуақты күнінде ауыл тұрғындары елдің ең ұлық мерекесін ерекше ықыласпен, ұйымшылдық пен көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды. Бұл күні ауыл аспанын шат күлкі, ән мен күй тербеді. Өйткені мереке қарсаңында Т.Қирабай көшесі мен Қ.Әбдіқадіров көшесінің қиылысынан ауыл өмірін жандандыратын жаңа балалар ойын алаңы, жаттығу аймағы және шағын футбол алаңы халық игілігіне берілді.


Жаңа спорттық алаңның ашылуы – Ақмая тарихындағы айтулы оқиға. Бұл игі істің басты мақсаты – ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасау, жастарды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау еді. Енді ақмаялықтар өз ауылында-ақ спортпен айналысып, дене шынықтырып, бос уақытын тиімді өткізе алады. Салтанатты ашылу рәсімінде Ақмая ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Қайырбекұлы ауыл тұрғындарын Республика күнімен құттықтап, жаңа нысандардың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. –Бүгінгі қуаныш – тек спорт алаңының ашылуы емес, ауылдың ертеңіне, ұрпағымыздың саулығына жасалған зор қадам. Спорт – бірлік пен рухтың бастауы, – деді ауыл әкімі. Шараға арнайы келген Шиелі ауданының дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Беркінбай Садықұлы да құттықтау сөз сөйлеп, елді ортақ іске ұйытқан ақмаялықтардың белсенділігін атап өтті. Ауыл ардагерлері ақ батасын беріп, жаңа нысанның лентасы салтанатты түрде қиылды. Осы сәттен бастап жаңа спорт кешені ауыл жастарының сүйікті демалыс орнына айналды.
ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТУРНИР
Мереке қарқыны мұнымен тоқтап қалған жоқ. Республика күніне орай ауыл әкімдігінің бастамасымен және ауыл жастарының ұйымдастыруымен шағын футбол турнирі өтті. Бұл жарысқа Шиелі ауданына қарасты ауылдардан келген 12 команда қатысып, тартысты ойын көрсетті. Турнирдің ашылу салтанатында аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Беркінбай Садықұлы қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі. –Спорт – ел бірлігінің айнасы. Мұндай жарыстар ауылдар арасындағы ынтымақ пен өзара сыйластықты арттырып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді, – деді ол өз сөзінде. Күн бойы өткен қызықты ойындар көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Жанкүйерлердің қолдауы мен спортшылардың жігері нағыз мерекелік рухты сездірді. Ауыл жастары жарысқа келген қонақтар мен спортшыларға арнайы түскі ас пен сусындар ұсынып, қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсетті. Жарыс нәтижесіндеІ орынды Ақмая ауылының футбол командасы еншілесе, ал ІІ орын Ы.Жақаев ауылының командасына бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Еңбекші ­ауылынан келген футбол командасы жеңіп алды. Турнир жеңімпаздары мен үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншыларға арнайы ­кубоктар, дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Ақмаядағы бұл күн – тек мерекелік шара емес, елдің ынтымағы мен жаңару рухының көрінісі болды. Жаңа спорт нысандарының ашылуы мен ұйымдастырылған футбол турнирі ауылдың әлеуметтік өміріне тың серпін берді. Мұндай игі істер – ауыл келешегіне бағытталған нақты қадам.Бүгінгі Ақмая – бірлігі жарасқан, спортты серік еткен, ел игілігі үшін еңбектеніп жүрген ауыл. «Ел болашағы – дені сау, рухы биік ұрпақта. Біздің мақсат – сол ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру» дейді ауыл тұрғындары. Жаңа алаңдарда енді балалардың күлкісі, жастардың спортқа деген құлшынысы, үлкендердің ризашылық сөзі естіледі. Бұл – елдіктің, еңбектің және бірліктің жемісі.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
04 қараша 2025 ж. 119 0