Күрес үйірмесі ашылды
Бұрнағы күні Алмалы ауылдық округіне қарасты №243 негізгі орталау мектебі жанынан оқушыларға арналған күрес үйірмесінің ашылу салтанаты өтті. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді жұмсау мақсатында ашылған үйірме ауыл тұрғындарынан қолдау тапты.
Игі істің басынан табылатын ауылдық қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ә.Сейітов салтанатты шараның шымылдығын түріп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сондай-ақ Алмалы ауылдық округінің әкімі Ә.Мәмбетов үйірме жұмысына сәттілік тілесе, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары С.Қайырбекқызы: «Қазіргі кезде білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндеттердің бірі – жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, олардың денсаулығын сақтауға, қоршаған ортасын таза ұстауға және жоғары, сапалы білім алып, сол білімді келешектегі өмірінде пайдалана білуге тәрбиелеу. Өмір салты мен денсаулық арасындағы өзара байланыс салауатты өмір салты ұғымын қалыптастырады. Мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын ұстану туралы алған білімдері болашақта өз денсаулығын сақтап қалуға берік тірек болады», – деді.
Шара соңында ауыл тұрғындары Б.Ізімбетов, Қ.Мәмбетов, Т.Ақпанов, Ш.Жылқыбаев ауыл жастары үшін жасалған игі іске алғыс білдіріп, келешек ұрпақтың салауатты өмір салтын сақтайтынына зор сеніммен тілек айтып, ақ баталарын берді. Қазақ, еркін күрес түрлерін үйренуге мүмкіндік алған ауыл жастары алдағы уақытта спорт саласындағы жетістіктерімізді арттырады деп сенім артты.
Г.Әбдіханиқызы