Велошеру өтті
Жуырда аудан әкімдігінің ұйымдастырумен велошеру өтті. оған Бұқаралық спортты дамыту аясында 200-ден астам аудан тұрғындары қатысты.
Бұқаралық спорт – ұрпақ саулығының кепілі, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы амалдардың бірі. Мемлекет салауатты өмір салтын ұстауға жол көрсетіп қана қоймауы тиіс, соған барлық жағдайды жасау керек. Осы орайда, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстану бағытында ауданда велошеру көрініс тапты. Әдеттегідей велошеру Гигант ауылдық округінің мәдениет үйінің алдынан басталып, аудандық М.Шоқай орталық алаңына дейін жүріп келді. Аудан тұрғындары бұқаралық спортқа деген құрметі мен ыстық ықыласын, велошеру арқылы білдірді.
Бүгінгі таңда салауатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту, адам бойына күш-қуат құйып, рухани болмысын жаңғыртатын бірден-бір амал екені даусыз. Елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық бағытта түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Рухы мен денсаулығы мықты ұлт қалыптастыру үшін осындай игі шаралар жалғаса берсін, – деді аудан әкімі Ә.Оразбекұлы. Салтанатты шараға ізгі тілегін жолдады. Сондай-ақ, аудан жастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Спорттық шеруге мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, спортшылар мен мектеп жасындағы балалар қатысты. Сергектікті жанына серік еткен жастардың саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Сонымен қатар, денсаулықты нығайтып, жеңістерге жетелеп, ауданның мерейін үстем ететін спортшыларды дайындау мақсатында ауылдарда спорт кешендері салынып, халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Ендеше, дені сау ұрпақ жолында барлық халықты спортпен айналысуға шақырып, жанына серік етіп, бұқаралық спортқа деген қызығушылықты арттыру заман талабының бір бағыты.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.