Сергектікті серік еткендер
Ауданда Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында танымдық, тарихи, мәдени, рухани бағытта түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Еліміз үшін ерекше маңызға ие бұл мейрам, бүгінде егеменді мемлекетіміздің үлкен жетістіктерінің біріне айналып келеді. Аталмыш мерекеге орай, бұқаралық спортты дамыту аясында велошеру өткізілді.
Бұқаралық спорт – ұрпақ саулығының кепілі, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы амалдардың бірі. Мемлекет салауатты өмір салтын ұстауға жол көрсетіп қана қоймауы тиіс, соған барлық жағдайды жасау керек. Осы орайда бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстану бағытында «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Астана-Тәуелсіздік тірегі» атты велошеру көрініс тапты. Әдеттегідей, велошеру Ясауи көшесінен бастау алып, М.Шоқай орталық алаңына дейін жалғасты. Велошеруге 200-ден астам адам қатысып, 4 шақырымдай қашықтықты артқа тастады. Осылайша, шараға қатысушылар ыстық ықыластарын білдірді. Мерекелік велошеруге ең кішкентай қатысушы ретінде 6 жасар Нұрлыхан Құрманбек те атсалысты.
Бүгінгі таңда салауатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту, адам бойына күш-қуат беріп, рухани болмысын жаңғыртатын бірден-бір амал екені даусыз. Елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық шаралар өткізілсе, ал, ауданда ұлттық және бұқаралық спортты дамыту барысында жыл басынан бері 70-тен аса спорттық бағытта түрлі шаралар ұйымдастырылған. Рухы мен денсаулығы мықты ұлт қалыптастыру үшін осындай игі шаралар жалғаса берсін деген тілекпен аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов игі тілегін жолдады.
Шара барысында, Алғабас ауылының тұрғыны қазақ күресінен Қазақстан біріншіліктері мен турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, Қостанай қаласында қазақ күресінен 19-22 маусым аралығында 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында 1 орынды иеленіп, спорт шебері атағын қорғаған Рахат Советов марапатталды. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасындағы облыстық кіші футболдан өткізілген жарыста аудан атынан барған команда 1 орынды қанжығасына байлаған болатын. Аталмыш шара барысында осы жүлде иегерлерін, аудан басшысы құттықтап, сый-сияпат жасады. Бұдан әрі жетістіктерге жету үшін кәсіпкерлерді спорт нысандарын салуға, спорт саласын қаржыландыруға тартса, дені сау ұрпақ көбейіп, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі одан сайын арта түсерін тілге тиек етті. Ендеше, дені сау ұрпақ жолында барлық халықты спортпен айналысуға шақырып, жанына серік етіп, бұқаралық спортқа деген қызығушылықты арттыру заман талабының бір бағыты.
Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ