Қоғамдық монша ашылды
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген нақыл сөз бар. Ауыл ажарын арттырып, тұрғын үйдің тазалығы, көше келбетінің келістісі – елдің елдігін, бірлігін айқындайды. Қарапайым халықтың ауызбіршілігін көрсетеді.
Жаз мезгілінің алғашқы күні Ә.Тәжібаев ауылында тайқазан мүсініндегі субұрқақ іске қосылып, ауыл көркін аша түскен еді. Енді міне, жаз аяқталуға санаулы күн қалғанда тағы бір ғимарат бой көтеріп халық игіліне пайдалануға берілді. Ауыл тұрғынына ауадай қажет болған орталық моншаны кәсіпкер, ауыл азаматы Сейфулла Асанов қолға алып, жерлестерінің алғысына ие болуда. Жалпы құны 19 млн теңгені құраған қоғамдық монша халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуге әзір.
Айтулы шараға татулығы жарасқан телікөлдіктер көтеріңкі көңіл күймен жиналды. Моншаның ашылуына сот ардагері Тұрмат Баймағанбетов және журналист Ағайдар Ысымов, ауыл ақсақалы Жамалхан Әбжаппарұлы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Ауыл тұрғындары жаңа моншаның ашылу рәсімінде қалың қауым оңтайлы орындалған іске ризашылығын білдіріп, қариялар ақ батасын берсе, ақжаулықты аналар елдің амандығын тіледі. Заманауи талаптарға лайықты салынған моншада жуыну құны да қолжетімді. Ғимарат ішіндегі сән салоны да тұрғындарға қызмет көрсетуге дайын
Тұрғындар игілігіне ұсынылған әлеуметтік маңызы зор нысанға елдің ықыласы зор.
Жұлдызай Ноғайбайқызы