Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Байсында «Бастаумен» кәсіп бастады

Байсында «Бастаумен» кәсіп бастады

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауларындағы міндеттерді орындау барысында ауданымызда да шешімін тауып жатқан игі бастамалар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жасалған жеңілдіктер, түрлі бағдарламалар аясындағы ауқымды жұмыстар халыққа үлкен қолдау болуда. Осындай оң бастама Байсын ауылында да орын алды. Аталған ауылда жаңадан бой көтерген «Мансұр» шаштаразының ашылу салтанаты болып өтті. Жаңа шаштараздың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, ауыл әкімі М.Қазыбаев қатысып, лентасын қиды.
Шаштаразға кіргенде кейде «Кім болып жұмыс жасайсыз?» деп сұрайды. «Менің қызметімнің шаштаразға қажеті қанша?» – деп ойлайтынымыз жасырын емес. Сөйтсек, нағыз кәсіби шебер сіздің шашыңызды қызметіңізге қарай икемдеп қияды екен. Ол шаш шеберінің басты қағидасы екенін енді біле бастағандаймыз.
Осы қағиданы ұстанған шебер Мұрат Еділбаев біраз уақыттан бері армандап жүрген кәсібін ашып, арманының бір бөлігі орындалғандай. Бұл күнге дейін аудан орталығынан ғимаратты жалға алып, жұмыс жасап келген шебер енді өз ауылынан ғимарат соғып, екі орындық бөлмесін ашып қойды. Ауыл халқы шашын қидыруға енді аудан орталығына сабылып, уақыттарын жоғалтпайды.
Жаңа орынның ашылуына жиылған қонақтар мен ауыл халқы жақсы лебіздер мен ақ тілектерін арнады. Кәсіпкер М.Еділбаевтың еңбегіне жеміс тілеп, бұл игі істің ауыл тұрғындарына тигізер ықпалының мол болатынына сенімін білдірді.
Жұмысының арасында уақыт тау­ып «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне бір ай дәріс алып, шаштараз курсын оқып, арнайы сертификат алған Мұрат Еділбаев ауыл шаруашылығын қолдау қорынан қаржылай көмек алып, қажетті құрал-саймандарын алды. Өз сөзінде шағын кәсіп иесі Мұрат:
— Сапалы қызмет — кәсібіңнің берекесі. Осы жолда мен білімімді жетілдіріп, ізденуден жалыққан емеспін. Осындай тірлігімнің нәтижесі болу керек, қызметімді пайдаланушылар дән риза,– дейді. Мұраттың болашаққа деген жоспарлары да жоқ емес. Кәсібінің аясын кеңейтіп, ауыл халқының талап үдесінен шығу.

Дина жүсіпова
21 желтоқсан 2017 ж. 1 621 0