Ауылдағы айтулы шара
Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген нақыл сөз бар. Ауыл ажарын көріктендіру, тұрғын үйлердің тазалығы, көшелердің келбеті – елдің елдігін, береке-бірлігін айқындап, Қарапайым халықтың ауызбіршілігін көрсетеді.
Жаз мезгілінің алғашқы күні Ә.Тәжібаев ауылында тайқазан мүсініндегі субұрқақ іске қосылды. Айтулы шараға татулығы жарасқан телікөлдіктер көтеріңкі көңіл күймен жиналды. Мектеп ауласында орналасқан субұрқақ күн сәулесіне шағылысып, тыныштық пен берекенің, бірлік пен ынтымақтың символындай жарқырап тұрды.
Субұрқақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қатысып, шараны ашып берді. «Береке» әжелер ансамблі тәттілерден шашу шашып, ән шырқады. Арнайы келген қонақтар ыстық ықыластарын білдіріп, ақ жарма тілектерін жеткізді. Жалпы құны 6 млн. қаржыны құраған субұрқақты ауыл азаматы Талғат Жұматов мектеп бітіргеніне 30 жыл толуына орай, алтын ұя мектебіне тарту етті. Игілікті істер әлі де жалғасын тауып, мектептің шығар тұғыры биік, табыстан-табысқа жететіні сөзсіз.
Ж.Ноғайбайқызы.