Ынтасы бар ырысқа кенеледі
Тұрақты даму жолындағы ауданның әлеуеті артып, ауылдар ажарланып келеді. Күрделі мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Ауылдағы ағайынның жағдайын жасауға аудан қазынасынан бөлінетін қаражат та қомақты. Ендігі уақытта халық саны 2000-нан асатын ауылдар өз бюджетін басқаратын болады. Бұл дегеніміз, өз қаржы қалтасы болып, өз жоғын өзі түгендеуге мүмкіндігі болады деген сөз.
Қаңтар айының 15-нен басталған әр- түрлі деңгейдегі әкімдердің дәстүрлі есепті кездесулері 26-сы күні аудан әкімінің халық алдындағы есебімен қорытындыланғаны белгілі. Сол жиындарда нақты тапсырмалар беріліп, келешекте атқарылар келелі істер айқындалды. Болашаққа бастайтын баспалдағымыз болған Елбасының кезекті Жолдауынан туындаған міндеттер түсіндірілді. Қай салада да революцияның қажеттігін айтқан аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуды ерекше атады. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев биылғы жыл жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланатынын жеткізгені де ауылдық елді мекендердегі халықтың кәсібінен нәсібін табуына қолдау болмақ.
Аудан көлемінде үлгі етуге де, үйренуге де тұрарлық азаматтар бизнесінен береке тауып келеді. Сол азаматтардың біршамасы біздің басылымда жарияланып та жүр. Тауықтан табыс, балықтан береке, қаздан қаражат тауып отырған біршама кәсіп иелері өзінің де, өзгенің де өзегін талдырмай келеді. Аудан әкімінің есепті жиындарының барлығында дерлік айтылған негізгі кемшіліктің бірі – ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлік субъектілерінің аздығы. Жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанда азаматтардың ынтасы жоқтығы ма, әлде тиісті сала мамандарының осалдығы ма? Әйтпесе, мемлекет тарапынан жасалып жатқан әртүрлі бағдарламалар кәсіппен айналысамын деген адамға барынша мүмкіндік беруде. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы: «Көп шығынды қажет етпейтін қоян, үйрек пен қаз асырап та нәпақасын тауып отырғандар бар», – деп жоғарыда атап кеткен кәсіп түрімен айналысушыларды сөз етті.
Ынтасы бар адам ысырапсыз-ақ ырысқа кенелері белгілі. «Ауылына қарап азаматын таны» десек, ауылдың ажары – азаматының абыройы. Ауыл әкімдерінің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі де осы кәсіпкерлік нысандардың санын арттыру болып отыр. Кәсіпкерлік субъектілері салықтың артуына негіз болса, салықтың көбеюі ауылдың ажарын айшықтай түспек.
Бақытжан МӘДЕН.