Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР БЕТКЕЙДЕГІ САЛТАНАТ

СЫР БЕТКЕЙДЕГІ САЛТАНАТ


Сұлу Сырдың жағасынан мекен тепкен Машбек ауылының тұрғындары ұлық тойды ұлықтап, Әз-Наурызды ерекше мерекеледі. Мектептің ауласына ұйымдастырылған салтанатты шараны аудан әкімі Ғалым Әміреев ашып, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы арнайы қатысып, көпшілікті халықтық мейраммен құттықтады. 
Береке дарыған Машбек ауылындағы дүбірлі думан ән-жырымен, спорттық ойындарымен ерекшеленді. Жастар алтыбақан теуіп, жасөспірімдер қазақ күресінен белдесіп, кіл мықтылар анықталды. Ақсақалдар ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, ақ батасын берді. 
Жүректері мерейлі мерекенің шаттығына толып, көңілдері нұрға бөленген ауыл тұрғындарын қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.
– Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістік, молшылық пен татулық әкелсін. Жаңа жылда ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын, – деп, ыстық ықыласын білдірді қала басшысы.
Одан әрі Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы жиылған жұртты мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. 
Жайшылықтағы уақытта да құшағы ән мен жырға бөленген бұл берекелі ауылдың мәдени келбетін қалыптастыруда тынымсыз еңбек етіп келе жатқан клуб қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне бұл күні айрықша көзіміз жетті.
Ел ішінен таңдап алынған жезтаңдай әншілер ән мен жырды төгілтіп, жазық даланы жасампаз әуендердің айшықты ырғағымен тербеді.
Мереке күні өркенді өлкеге арнайы шақырумен келген өңір басшылары ауылдың тыныс-тіршілігін айғақтайтын жаңа мектептің спорт алаңдарын аралап көріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Айсұлу ӘЛІМБЕТОВА.
28 наурыз 2018 ж. 1 290 0