ӘЗ-НАУРЫЗ – ұлт ұстыны
Табиғаттың жаңарып, қайта түлеу мезгілі – көктеммен бірге келетін Наурыз мерекесі тек қазақ халқына емес, сонымен қатар күллі түркі жұртына ортақ мұра, ортақ мереке. Жер Ана мен адамзат арасындағы үндестікті көрсететін «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағына береді. Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі аудан көлемінде кең көлемде аталып өтті.
21 наурыз күні М.Шоқай атындағы орталық алаңда әз-Наурыз мерекесі аясында «Жастар күні» шарасы ұйымдастырылды. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, «Жастар» және «Оқушылар» парламенті, «Достар әлемі» еріктілер жасағы ұйытқы болған аталмыш шара барысында орталық алаң әуезді ән ырғағымен тербелді. Жастар ауылына аудан әкімі Ә.Оразбекұлы бастаған топ арнайы атбасын бұрып, ыстық ықыласын жеткізді. Жастар шатырында ұлыс мейрамның басты мәзірі – Наурыз көже мен палаудан дәм берілді. Одан әрі жүз еріктіден құралған жастар «Қара жорға» биінен басталған флеш-мобпен жалғады. Домбыра думан және интеллектуалды сайыстармен өрбіген мерекелік кеш алтыбақан аясындағы ән-думанға жалғасты.
Ұлыстың Ұлы күні деп аталған Ұлық мереке 22 наурызда өз дәрежесінде ұлықталып, орталық алаң думанға толды. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы бастаған топтың көктемгі көшет егу сынды игі ісімен басталған шара «Ұла Даланың ұлық мерекесі – әз-Наурыз» атты мерекелік кешпен жалғасын тапты. Орталық алаңда жағалай орын тепкен ақшаңқан киіз үйлер мерекенің көркін айқындаса, ұлттық киім киіп, бір-бірін құттықтаған ақсақал мен ақ жаулықтылар думанды күннің әрін ашты. Аудан әкімінің шиелілік ағайынды құттықтауымен шымылдығы түрілген шарада ұлттық ойындарға жастар белсене қатысып, бақтарын сынады. Сахнада қойылған әрбір қойылым мен ән-думандар, байырғы ата-дәстүр салтымыз бен әдет-ғұрпымыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен ел арасында кең көлемде насихатталып, болашаққа аманат етілгендей. Наурыз мейрамына орай тігілген киіз үйлер мен шатырларда наурыз көже, қымыз және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылды. Қыз бен жігіт айтысы, театрландырылған мерекелік көріністер, қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі, тағысын тағылар осы кеште көрініс тапты.
Бақытжан МӘДЕНОВ.